Сурет ашық дереккөзден алынды
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев 75 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Бұл туралы атыраулық ақын Әлия Дәулетбаева өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Атырау мәдениетінің ақтаңгері Қойшығұл аға жалғаннан өтті... Өмір деген осы екен... Бетімізден қақпадыңыз... Еркелігімізді көтердіңіз... Қамқор болдыңыз... Дүние шын жалған екен ғой... Алла алдыңыздан жарылғасын, аға!", - деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Қойшығұл Жылқышиев 1948 жылы 24 қазанда Атырау облысы Индер ауданы Жарсуат ауылдық кеңесіне қарасты Жаманқұдық жайлауында дүниеге келген. 1975 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған.
Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде, телевидение саласында қызмет істеген. Сондай-ақ «Өнерпаз» қоғамдық қайырымдылық қорының және республикалық «Махамбет» қорының президенті болған. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.
«Тұңғыш» (1978), «Мұң-кітап» (1998), «Асаукер» (2001) сияқты жыр жинақтарының авторы.
Махамбет Өтемісұлы туралы публицистикалық мақалары үшін Қазақстан Журналистер одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығын алды (1996 жыл). Сондай-ақ Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты.