04 там, 2021 сағат 17:01

Беларусьтің тағы бір спортшысы еліне қайтудан бас тартты


Беларусь спортшысы Яна Максимова еліне қайтпайтынын айтты. Осыған дейін жеңіл атлет Кристина Тимановская да еліне оралудан бас тартып, Еуропадан саяси баспана сұраған.

"Өкінішке қарай, ол жақта бас бостандығынан айырылып қана қоймай, өліп те қалуың мүмкін... Мұнда өзіңді еркін ұстап, өз адамдарыңның, достарыңның, туыстарың мен жақындарыңның бостандығы үшін күресе аласың. Біз міндетті түрде жеңеміз" деп жазды Максимова.

Атлет спорт мансабын одан әрі жалғастыра алатынына, келесі олимпиадаға қатыса алатынына үміттенеді.

Спортшы қазір Германияда жүр. Онымен бірге күйеуі Андрей Кравченко да оралудан бас тартқан. Кравченко 2008 жылғы олимпиадада онсайыс бойынша күміс жүлдегер атанған.

"Көп ойланып, Беларуське оралмау туралы шешім қабылдадық" деп жазды Максимова.

Спортшы көпсайыс жарысына қатысады. Биыл маусымда ол Беларусь кубогын жеңіп алған. Бірақ квалификациялық нормативтерді орындай алмағандықтан, олимпиада ойындарына қатыса алмады.

Осыған дейін "Наша Нива" басылымы "Витязь" гандбол клубының жаттықтырушысы Константин Яковлевтің Беларусьтен кеткенін жазған. Биыл маусымда оны рұқсат етілмеген жиынға қатысты деп 15 тәулікке қамаған.

  • Жексенбі, 1 тамыз күні Беларусь олимпиада комитетінің өкілдері жеңіл атлет Кристина Тимановскаяны жарыстан шеттетіп, Токиодан күштеп алып кетуге әрекеттенген. Олар мұндай қадам спортшыны сыни пост жазуынан кейін барған. Тимановская Instagram-желісінде өз елінің делегациясын реніш білдіріп, олардың шешімін сынаған.
  • Токио әуежайында ол полицияға жүгініп, қорғауын сұраған. Спортшы елінде қудалауы мүмкін деп алаңдайды. Польшаның Жапониядағы елшлігі жеңіл атлетке гуманитарлық виза беріп, оның өз мансабын Варшавада жалғастыра алатынын айтты.