02 там, 2021 сағат 09:05

Беларусь билігі спортшыны Олимпиададан күшпен әкетуге тырысты


Беларусь билігі спортшы Кристина Тимановскаяны Токиодағы Олимпиададан депортациялауға тырысып жатыр. Бұл туралы спортшы Reuters агенттігіне хабарлады

Спортшының сөзіне қарағанда, ол Минскіге оралмай, Еуропадан саяси баспана сұрауды жоспарлап отыр. 

2 тамызда Тимановская 200 метрге жүгіру бойынша жарысқа қатысуы тиіс болған. Бірақ оның сөзінше, жексенбі күні бөлмесіне құрама қызметкерлері келіп, күшпен әуежайға алып кеткен. 

Әуежайда спортшы полицияға шағымданған. Беларусь спорт ынтымақтастық қоры Тимановскаяға араша түсіп, Халықаралық олимпиада комитетіне қайырылды. Комитеттен көмекті спортшының өзі сұраған. 

Тимановскаяның пікірінше, депортация туралы шешімге әлеуметтік желіде шенеуніктерді өткір сынап, жазған посты түрткі болған. 

Олимпиада өтпей тұрып халықаралық бақылаушылар Беларусьтің қажетті дәрежеде допинг-тест өткізбегенін анықтаған. Сол себепті үш атлет жарыс басталғанға дейін жіберілмеген. Құрама басшылығы бастапқыда спринтке қатысуы тиіс болған Тимановскаяны эстафетаға жіберген. Бұдан соң Беларусь мемлекеттік ақпарат құралдары Тимановскаяны сынай бастаған. 

Беларусь олимпиада комитеті спортшының эмоционалды-психологиялық күйіне байланысты депортация туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.