Депутаттар Алматы облысында қарақшылардың қолынан қаза тапқан үш ағайындының жетім-жесіріне қаржылай көмек беруді талап етті. Алайда, ақшаны кімнен қалай алатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы КТК хабарлады.
Бекболат Тілеухан, Мәжіліс депутаты:
- 8 бала жетім қалды деді. Күн көрісіне жан-жақты көмек көрсету біздің міндетіміз деп ойлаймын. Жәрдемақы, басқа да материалдық көмек көрсету керек болса, демеушілерді тартып аз да болса қайғысын азайту міндетіміз.
Бекболат Тілеухан мал ұрлағандарға жазаны қатайтуды да ұсынды. Тіпті ол үшін арнайы заң әзірлеу қажет. Өйткені, жұрттың жылдар бойы жиған төрт түлігінің табан асты қолды болуы – ауылдағы шаруаларға жасалған үлкен қиянат дейді депутат. Сондықтан, Ішкі істер министрінен еліміздегі мал ұрлығының алдын алу үшін шұғыл шара қолдануды талап етті. Естеріңізге салсақ, өткен аптада Алматы облысында тұратын Жарқынбек, Қаділбек, Мұқият есімді үш ағайынды Ұзынағаштағы мал базарына 40 бас сиыр сатуға шығып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен болатын. Кейін олардың жанған көліктері, артынан қараусыз қалған қорадан мәйіттері табылды. Әзірге осы қылмысқа қатысы бар 2 адам ұсталып, тергеушілер алдында жауап беріп жатыр.