03 там, 2021 сағат 20:07

Байсейітов спортшылардың Олимпиададағы сәтсіздігі үшін кешірім сұрады


Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов Токио Олимпиадасында спортшылардың ойыны үшін қазақстандықтардан кешірім сұрады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен мұндай ойын үшін барша Қазақстандағы жанкүйерлерден кешірім сұрағым келеді. Шынымды айтсам, менің өзіме де өте ыңғайсыз болды. Екі жыл бұрын ғана команданы басқаруға келдім. Биыл Азия чемпионатында төрт финалист шыққан еді. Бірақ бұл - спорт. Бәрі болады. Тағы да кешірім сұраймын. Мүмкін маған аздаған уақыт жетпеген шығар», - деді бас бапкер Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингіде. 

Еске сала кетсек, 2 тамыз күні 77 келіде Қазақстан сапынан шыққан Демеу Жадыраев алғашқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалды. 

Бүгін 87 келі салмақ дәрежесіндегі қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов кілемге шықты. Оның алғашқы қарсыласы германиялық Денис Кудла болды. Екеуара кездесу 4:1 есебімен неміс спортшысының еншісіне шешілді.