16 қар, 2018 сағат 12:13

Байқоңырдағы қазақстандықтар мемлекеттен толық медициналық көмек алатын болды

Байқоңырда тұратын қазақстандық азаматтардың енді мемлекеттен толық медициналық көмек алуына мүмкіндік жасалды. Бұған дейін тиісті көмек Ресей заңнамасына сай беріліп келген еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың айтуынша, ҚР Парламенті Сенатында «2009 жылғы қарашадағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама» ратификацияланды.

Бұрын Байқоңырдағы қазақстандық азаматтарға берілетін медициналық көмектің ерекшеліктері бойынша ел азаматтары тегін медициналық көмекті, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық медициналық тексеруден өту заңды құқығы қамтамасыз етілмеген еді. Қолданысқа енген заңнама тәртібі бойынша енді бұл көмектерді еліміздің денсаулық мекемелері атқара бастады.

Байқоңырда облыстық медициналық орталығының филиалы 2016 жылы ашылды. Ол қала тұрғындарымен қатар Төретам және Ақай елді мекендеріне, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары тұрғындарына да қызмет көрсетеді.

«Бүгінгі күні филиалда 60 орындық терапия бөлімі мен 20 орындық күндізгі стационар тұрғындарға ем жүргізіп келеді. Жергілікті бюджет тарапынан емхана қажетті құрал-жабдықтармен қаматамасыз етілген. Дегенмен әзірге біздің емхана көрсете алмайтын кейбір көмектерді ресейлік медициналық ұйымдар жолдама бойынша атқарады. Атап айтқанда, Ресей тарапынан хирургиялық, инфекциялық, туберкулез және жедел жәрдем секілді көмек түрлері көрсетіледі», - деді Ақмарал Әлназарова.

Алдағы уақытта Байқоңыр қаласының іргесінде орын тепкен Ақай, Төретам тұрғындарын қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мән беріліп отыр. Осы мақсатта Төретам емханасы мен Ақай ауылдық ауруханасын облыстық медициналық орталығының  Байқоңыр филиалына қосу жоспарланып отыр. Елді мекендердің тұрғындары сол мақсатта тіркеліп жатыр.

«Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап облыстық медциналық орталығының  Байқоңыр филиалында кардиореабилитация бөлімдері ашылатын болады. Одан бөлек шақыруларға жедел қызмет көрсету үшін емханадан жедел медициналық көмек бөлімін ашу жоспарда тұр. Сондай-ақ, филиалға компьютерлік томограф сатып алу ойластырылып отыр», - деді А.Әлназарова.