Байқоңыр төңірегінде оба індеті табылды. Аса қауіпті жұқпалы ауру орын алған жағдай туралы қала әкімшілігінің ресми сайтында хабарланды.
Әкімшілік Байқоңыр тұрғындарын қала сыртына шыққанда абай болуға шақырды. «Қала әкімшілігінің ескерту және төтенше жағдайды жою және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясы «Байқоңыр» кешені аумағының төңірегіндегі табиғи-ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру - оба бойынша орын алған эпидемиологиялық жағдайға байланысты қала сыртына шыққанда сақтық танытып, абай болуға шақырады», - делінген хабарламада.
Қалада төтенше жағдайды жою және ескерту жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті.
«Кешен бойынша бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сергей Огарь мен Ресей Федералды медико-биологиялық агенттігі №1 Орталық медико-санитарлық бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Сергей Романов жасаған баяндамада «Байқоңыр» кешені аумағының төңірегінде табылған табиғи-ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру - оба бойынша орын алған эпидемиологиялық жағдай туралы мәлім етілді. Талқылау нәтижесінде іс-шараларды күшейту және қала тұрғындарына болған жағдай туралы ақпарат тарату шешімі қабылданды», - деп хабарлады қала әкімшілігі.