14 қаң, 2019 сағат 09:56

Бауыржан Омарұлы. Ақ халат һәм ақ парақ

502-«палата»

Жанарына сыр тұнған,
Жүрегіне жыр тұнған.
Ақ халатты киіп ап,
Ақ параққа ұмтылған.

(Журналистік фольклордан).

Сонау сексен бірінші жылы КазГУ-дің журфагына түскен бізге әйгілі бесінші жатақхананың 502-ші бөлмесі бұйырды. Бұл – бесінші қабаттағы ең шеткі бөлме. Тарих факультетіне тиесілі алтыншы жатақханамен иық тіресіп тұрамыз. Шағын екі бөлмелі бес адамдық секция Тұрғындарының төртеуі – біздің курстың жігіттері. Ал бесінші орынға сол кездегі үшінші курстың студенті, бүгінгі қазақ журналистикасының майталманы Нұртөре Жүсіп жайғасты. Ақын Ертай Ашықбаевтың дәл осы жатақханада бір секцияда тұрған өзінің бес курстасы туралы «Біз дегенің – бұлттан асар бес қыран, Көк аспанға мың сәлем! Уа, жойылсын көне дүрмек, ескі ұран, Ояна бер, тың тіршілік, тұмса әлем», – деген өлең жолдары бар-ды. Сол Ерекең айтқандай, біздің бөлмедегі осы қалам ұстаған қырандардың қанаты болмаса да, халаты болуы әбден мүмкін еді. Олай дейтінім, өз басым әкейдің айтуымен медицина институтына барып, бақ сынап, оқуға іліге алмай, екі жылдан соң журфакқа әзер табан іліктірген бетім. Әңгімелесе келсек, бұл бөлмеде менен де басқа біраз «дәрігерлер» бар сияқты.

Мәселен, Нұртөре Жүсіп бала күнінен хирург болуды армандапты. Мектепте оқып жүргенде отаққа барып, буынына салқын тигізіп алып, ауруханада біраз уақыт сарылып жатқан. Сол кезде ол ақ халаттылардың ерен еңбегіне ерекше тәнті болған. Ереван медицина институтының түлегі, хирург ағасы Жәкенге еліктеп, дәрігерлік оқуға түсуге ниеттенген. Сегізінші кластан соң Қызылорда медицина училищесіне тартып кеткелі тұрғанда көкесі жібермей қойған. Қызық, біреумізді әкеміз дәрігердің оқуына зорлап жібереді, біреумізге тыйым салады... Өстіп отырғанымызда бөлмемізден тағы бір «дәрігердің» төбесі қылтиды. Ол – тілі мен жағына сүйенген талдықорғандық өрен Талғат Батырхан. Бұның есіл-дерті педиатр болу екен. Сол мамандыққа ұмтылуының өзі қызық. Алдымен оған осы «педиатр» деген сөз қатты ұнаған. Бүкіл энциклопедияны қарап, педиатрдың балалар дәрігері екенін білген соң одан әрі құмартқан. Тіпті оны ата-анасы Ақтөбенің медицина институтына оқуға апаратын болыпты. Шамасы, сол жақта бір жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстары болған да... Әйтпесе, іргесінде әйгілі дәрігерлік институт тұрғанда жер жәннаты Жетісудың ұланы жер түбіндегі Ақтөбеде не жоғалтыпты? Тек мектеп бітірген соң ғана бұл ойынан айнып, журфакқа келіпті. Бір күні ол «Мен жалпы мынадай болғам», – деп төлқұжатындағы суретін көрсетті. Суретте бір көзі айға, бір көзі сайға қараған қитар бала томсырайып тұр. Әйтеуір, дер кезінде ота жасатып, көзін қалпына келтіріпті. Содан соң дәрігерлікке ұмтылмай қайтеді?!

Осымен 502-нің дәрігерлік корпусы жасақталып біткен шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, «дәрігердің» көкесі арамызда жүр екен. Отыз бес жасқа таяғанда КазГУ-ге енді түсіп жатқан Аманғали Дайрабаев жастау кезінде Целиноград мемлекеттік медицина институтында оқыпты. Бірақ дәрігер болуды оның да маңдайына жазбапты. Түрлі себептермен оқуын аяқтай алмаған көрінеді. Жатақханаға оны дәрігер курстастары талай рет іздеп келгеніне куә болғанбыз.

Сонымен, ақ халат бұйырмаған төрт «дәрігер» 502-бөлменің тұрғынымыз. Бесіншіміз Құтмағамбет Қонысбай – дәрігерлікке аса талпынбағанымен, соларға пациент болуға таптырмайтын жанкешті жігіт. Әскерде жүргенде өрт сөндірушілер жасағында қызмет еткен. Содан ба екен, сәл биікке көтерілсе, секіріп кеткенді жаны қалайды да тұрады. Оның алдында біраз уақыт бізбен бөлмелес болған Мейрамбек Шілдебаев та солардың сойынан. Менің бұл жүректі де білекті, қайтпас та қайсар, жаны сірі, еті тірі курстас ағаларым басынан сөз асырмайды. Қанды қырғынға ойланбай кіріп кете береді. Содан соң дәрігерге пациент болмаған несі қалады? Осы бөлмеге кіріп-шыққандар шетімізден дәрігер болуға ниеттенген бізді көріп, «Бұл өзі 502-бөлме де, әлде 502-палата ма?», – деп күбірлеп-күңкілдеп кететін. Оның үстіне ептеген емшілігі бар Миуа Байназар апам анда-санда қатарымызға қосылғанда нағыз сәнімізге енді келетінбіз.

Ақ халат бұйырмаса да, ақпараттан ажы­ рамаған өңшең сөзуар «дәрігерлердің» мекені болған соң ба, бұл секцияда ара-тұра денсаулық мәселесі қозғалып тұрады. Әсіресе, Нұртөре Жүсіптің бірге оқитын достары Алтынбек Сәрсенбаев пен Дархан Мыңбай бөлмеге келген кезде әңгімеміз толастамайды. Бірде бәріміз «дәрігерлігіміз» ұстап, шипагерлік баянымызды армансыз айтып, бөсіп отырғанымызда Алтынбек айнаға қарап: «Тілім ағарыңқырап кетіпті. Пушкин кітапханасына барып, энциклопедия ақтарып, қандай аурудың белгісі екенін білу керек екен», – дегені бар. Сол жолы медицина институтының босағасынан аттағанымыз бар, аттай жаздағанымыз бар, төрт «дәрігер» мелшиіп үндемедік. Себебі, әне-міне деп Мәскеуге аттанғалы жүрген Алтекеңнің тілі неден ағарғанын тап басып айтып беруге ешқайсымыздың білім-білігіміз жете қоймады.

Бізден қайыр болмасын түсінген болашақ қос министр миығынан күліп, шығып бара жатты. Осы тұстағы журфактың «дәрігерлері» мұнымен шектелмейтін секілді. Студенттер кәсіподағының басшысы, үшінші курс студенті Батырбек Садыханов оқуға медучилищеден келіпті. «Бұл біздің Антон Чехов қой», – деп әзілдейтін курстастары. Мектепті алтын медальмен бітірген, сол жылдардың өзінде оқырманға кең танымал Бейбіт Сапаралыға да Семейдің медицина институтының дәм-тұзы бұйыра жаздапты. Елдің үлкендері сонда барғанын құп көрсе де, қаламгерлікке шындап бет бұрған қайсар ұл өз бетінен қайтпай, журфакқа келген. Керісінше, оған әдебиет десе ішкен асын жерге қоятын, есепсіз көп кітап жинаған дәрігер нағашысы Серікханның ықпалы көбірек болған тәрізді. Кейіннен басқа бір өңірдегі медучилищені сәтті аяқтаған Риза Әлмұқанова журфакқа түсті. Атыраудағы жұқпалы аурулар ауруханасында үш жыл жұмыс істеп, науқас балаларға үнемі қан беріп, «КСРО доноры» атанған қыз қаламгерлер ортасына тез сіңіп кетті. Дәрігердің оқуын да, журналистің оқуын да үздік бітірген Риза, әрине, кейін адам емдейтін доктор бола қойған жоқ. Оның есесіне әдебиеттану ғылымымен шындап шұғылданып, филология ғылымдарының докторы атанды. Бір кездегі бесінші жатақхананың тұрғыны, осы күнгі танымал публицист, кәсіби дәрігердің ұлы Ғабит Мүсіреп те жолын жалғағанды тәуір көретін шипагердің отбасынан әзер дегенде тәуелсіздік алып, журналистиканың желкенін көтерген. Журфактың тағы бір ерекше «дәрігері» туралы айтуға тиіспіз. Ол – бүгінгі жүйрік журналист, күйлі кәсіпкер Құлтас Достан. Белгілі қаламгер Еркін Қыдыр баяғыда студент кезінде «Абитуриент-81» науқанында Алматы медицина институтына түсу үшін емтихан тапсырып жатқан Құлтас туралы «Ыстық көңілдер неге суынады?» деген мақала жазған-ды. Сол кезде абитуриент бала дәрігерлікке зорлықпен келгенін, өзінің есіл-дерті журфак екенін айтып, зарлап қоя беріпті. Ақыры, диктанттан елуден астам елеулі қате жіберіп, оқудан оңбай құлап, соған қатты қуанған Құлтас кейін өз үйірін тапты. Бесінші жатақхананың бұдан басқа да «дәрігерлері» жеткілікті еді...

Менің бұйырмаған «курстастарым»

Қаныңды да өңдейді.
Қарныңды да жөндейді.
Қандауырмен тілгілеп,
Қара сөзбен емдейді!

(Журналистік фольклордан).

Біз мектеп бітірген жылы Қызылордаға Алматы медицина институтының көшпелі қабылдау комиссиясы келді. Өңкей бозбала мен бойжеткен жаппай құжат тапсырдық. Күн ыстық. Ақмешіттің асфальті балауыздай былқылдап тұр. Медучилищенің айнадай жарқыраған ғимаратында ептеп-септеп емтихан тапсырып жатырмын. Химиядан ілекерлеп өткеніммен физика алдырмай қойды. Омақаса құладық. Алғашқы абитуриенттік науқаным болған соң, бірге құжат тапсырғандардың бірқатары кәдімгідей есімде қалды. Болатбек Баймаханов, Гүлсім Жәкебаева, Айдар Қарғабаев, Смағұл Зекеев деген талапкерлермен бірге емтихан тапсырдым. Бұлардың біразының кейінгі тағдырларынан да аздап хабардармын.

Болатбек Баймаханов сол жылы оқуға түсті. Кейін ол елімізге белгілі білікті дәрігер атанды. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды. Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармаларын басқарды, Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері болып қызмет істеді. Қазір А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық ғылыми орталықтың басқарма төрағасы. Екеуміз екі қаланы мекендегендіктен, қоян-қолтық араласпасақ та, Болатбек Бимендіұлымен ара-тұра телефонмен тілдесіп, аман-саулық сұрасып тұрамыз. Айдар Қарғабаевты абитуриенттік кезеңнен үш жыл өткен соң Алматыда көрдім. КазГУ-ге жаңа түскен бетім еді. Ал ол болса, әбден ысылған, сақа студент. Оқу бітірген соң өзі туып-өскен Шиелі ауданының Бәйгеқұм станциясына қайтып оралып, белгілі тіс дәрігері болды. Кейінірек жаңа заманға бейімделіп, жеке клиникасын ашты. Бір кездері негізгі кәсібінен аулақтап, ауыл әкімі де болып көрді. Ана бір жылдары Қызылордада қызмет істеген тұста жолымыз түйісті. Ал қаланың іргесіндегі Амангелді ауылының қызы Гүлсім Жәкебаева бірер жыл кейін болса да мединститутқа табан іліктірген сияқты. Баспасөз материалдарынан байқауымша, ол облыстық наркологиялық диспансерде қызмет істейді-ау деймін. Ал Смағұл Зекеевтен ешқандай дерек жоқ. Сөйтіп, менің бірге оқу бұйырмаған «курстастарымның» дені осылай ел игілігіне қызмет етіп жүр. Сол жылдарда жұртты жаппай дәрігерлікке ұмтылдыратын себеп көп еді. Бұл қолы жеткеннің ғана игеретін аса мәртебелі мамандығы болды. Қазақ зиялылары балаларының медицина институтында оқығанын құп көретін. Дәрігердің мәртебесі қашан да биік тұратын. Ол кезде «ақ халатты абзал жан» деген жаттанды тіркес қанша айтсаң да жауыр болмайтын. Шынында да, нағыз абзал адамдар солар еді. Әсіресе, әмбебап ауыл дәрігерінің беделі үстем-ді. Ол баланы да сүндеттейді, сынықты да салады, әйелді де босандырады. Аспандап кеткен қан қысымыңды да әп-сәтте түсіріп береді. Терапевт те, хирург те, окулист те, лор да, психолог та, нарколог та, гинеколог та бір өзі. Қысқасы, бір өзі – бір аурухана. Тіпті кішігірім операцияны қиналмай жасай береді. Сөйте тұра, осы уақытқа дейін ауыл дәрігерінің кесірінен бір адам зардап шегіпті дегенді естімеппіз. Соның бәрін көзбен көріп отырған соң дәрігер болуға ұмтылмағанда қайтеміз?! Бұл мамандыққа қызығуымыздың тағы бір себебі бар-ды. Атақты режиссер Шәкен Аймановтың жұрт жаппай көретін «Біздің сүйікті дәрігер» фильміндегі доктор Лавровтың бейнесі де еліктеуге тұрарлық еді. Себебі, оны танымал адамдардың бәрі жаппай құрметтейді. Оның туған күніне ойдан-қырдан жұрт өздері-ақ ағылып келеді. Сол кісі секілді біз де мықты дәрігер болсақ, туған күнімізге әйгілі әртістер Асанәлі Әшімов, Құман Тастанбеков, Меруерт Өтекешова, Роза Рымбаева бәрі бірі қалмай келетін секілді көрінетін. Әрине, фильмде Лавров ешкімді емдеп қарық қылмайды. Оның үстіне ол – науқас біткен сарыжамбас болып жататын аурухананың емес, сәулетті санаторийдің бас дәрігері. Бұл жерде көрікті курорттың бас емшісінің биік беделі, жайлы мінезі дәріптеледі. Ең бастысы, осы киноны көрген соң «дәрігер шынында да қадірлеуге лайық мамандық екен ғой» деген ой келген-ді. Сөйтіп, дәрігер бола алмадық. Үйдегі үлкендер армандағандай, мединститутты бітіріп, елге оралып, Қаратерең учаскелік ауруханасының бас дәрігері атанып, ауыл басшыларымен (ауылнай, шаруашылық жетекшісі, бас инженер, бас есепші, мектеп директоры, кооперация басшысы, т.б.) бірге қонаққа барып, үнемі «контор-составтың» қатарында жүрудің реті келмеді. Аурухананың иелігіндегі бір жеңіл, бір жүк көлігін емін-еркін пайдаланатын ауылдың кішігірім шонжары болу «бақыты» бұйырмады. Диагноз қойып, бюллетень жазудың орнына мақала жазамыз деп елден шығандап кеттік. «Бұл дүниеде адам емдеуден артық өнер бар ма?», – деген әкейдің сөзі құлақ түбінде жаңғырып тұрса да, шығармашылық ортаның иіріміне сүңгідік. Бізден дәрігер шықпаған соң әкеміз өзіммен тете өскен інімді айналдыруға көшті. Бұл бала да медицина қызметкері болуға аса құлықты емес еді. Ұшақтан басқа көлік қатынамайтын біздің Қаратереңде ұшқыш болу ең бір «модный» арман еді. Інім де қыңырлық көрсетіп, сұқ саусағымен әуені нұсқамай ма... Сонда әкей айтыпты: «Ұшқыш болғанша, шопыр болсаңшы. Шопыр болсаң, үйіңе пайдаң тиеді. Ең болмаса,көлігіңмен отын мен шөп әкелесің. Ал самолетпен не тасиын деп едің?». Ақыры, көнді ол. Кодекспен бірдей көкенің сөзін жерге тастай алмады. Көнгені бар болсын, «оқымаймын» деп ауылға екі-үш рет ылаң салып қайтып келді. Шал айғайға басып, Ақтөбеге қайта шығарып салады. Содан ақыры оралмады. Сол оқығаннан мол оқыды. Әкенің әмірі анау-мынау армандарыңның кедір-бұдырын тегістеп жіберетін сияқты ғой.

Мына қызықты қараңыз. Бір кезде «Қатардағы дәрігер бол», – десең де, кірпідей жиырылатын бала әйгілі хирург-травматологқа айналды. Қазір – еліміздегі ең ірі әскери аурухана басшыларының бірі. Әскери шені – полковник. Сөйтіп, ол да әкей армандағандай, Қаратерең ауылдық ауруханасының бас дәрігері бола алмады. Есесіне, бір емес, бірнеше дәрігер шықты біздің шаңырақтан. Тіпті төңірегімізді түгел ақ халаттылар басып қалды десе де болғандай. Дәрігер ұл, дәрігер қыз, дәрігер келін, дәрігер күйеу бала, дәрігер қайын ата, дәрігер ене...

Осылардың ішінен суырылып шығып, қаламгерлікке ертерек бет бұрғанымыз да дұрыс болған шығар.

Қандауыр ұстаған қаламгер

Шайырлардың, ғажабы,
Шашынан көп азабы.
Шипасы мол қолымен,
Шығармасын жазады!
(Журналистік фольклордан).

Студент атанып, айналамызға зер салған кезде-ақ, кәнігі қаламгерлердің арасында да дәрігерлікке таласы бар жандардың жүргенін аңғардық. Тіпті бірқатары медицина саласында талай жыл қызмет істеген. Кейбірі денсаулық сақтау мәселелері жөнінде бірнеше ғылыми

еңбек жазған. Кезінде дәрігер болып, адам емдеп, кейін қаламгерлікке біржола бет бұрғандар да, керісінше, ақ халатын тастамай, енсаулық күзетінде жүріп-ақ жазуын тоқтатпағандар да баршылық көрінеді. Әсіресе, студент кезде бәріміз жаппай жатқа айтатын:

Күндерді ұмыт бөлмеге сыймай күлген.
Күндерді ұмыт ерекше сыйлай білген.
...Өкпелеймін осылай сүйгендіктен,
Шынымды айтсам, ешкімге қимаймын мен!», –

деген өлең жолдарын көркем кестелеген Күләш Ахметованың бұрынғы медицина қызметкері болып шығуы бізге кәдімгідей әсер етті. «Осындай нәзік жанды ақын қыз жұрттың тәнін ауыртып, қалай ғана укол салады екен», – дейтінбіз. Күләш апайымыз да әкесінің тілегімен Тараз медучилищесіне түскен. Оны бітірген соң Үшарал маңындағы төртінші бөлімшенің дәрігерлік пунктін басқарған. Бір жыл бойы бүкіл ауылды емдеген. Бірақ бәрібір ақын қыздың ықыласы Алатау жақтағы әдеби ортаға ауған да тұрған. Ақыры, медпунктті өзге әріптесінің қолына тапсырып, Алматыға аттанған. Күләш апайдың бұдан кейінгі тағдыры баршамызға белгілі. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова – бүгінде өз отбасының жеке шипагері. «Осы мамандыққа жетелеп әкелген әкеме ризамын», – дейді ол.

Бір кезде «Медицина тілімен айтар болсақ, науқасты қоздыратын ішкі-сыртқы салдарлар әбден көбейген сәтте, адамның айығуы тым қиынға соғады. Ал сол індеттен құлан-таза құтыламыз десек, онда асептика, антисептика амалдарын аянбай қолдануға тиіс екенбіз», – деп дәрігерлік ой-тұжырымдарын жазған қазақтың тағы бір талантты ақыны Дүйсенбек Қанатбаев Түрікменстандағы Красноводск медучилищесін бітіріп, фельдшерлік қызмет істеген. Жаны таза, мінезі жайлы, өлеңі кестелі Дүйсекеңнің әмбебап дәрігер болып, талай кеселмен арпалысқаны көз алдыңа елестей қоймайды. Сыршыл ақын ретіндегі бейнесі санамызға әбден сіңгендіктен шығар...

Ал енді «Ағып кетсем Каспийге апарады,
Толқын, сенің ырқыңа қалай көнсем?!», –

деп әдемі өлең өрген талантты ақын қыз Мағиза Құнапияқызының Қытайда медицина институтын бітіріп, бес жыл дәрігер болғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазақ қаламгерлерінің берекелі шаңырағына жоғары оқу орнын бітірген кәсіби прозаикдәрігерлер де топтасты. Ұзақ жыл медициналық ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет істеген Советхан Ғаббасов екі саланы да қатар меңгерді. Денсаулық сақтау мәселелері жөнінде «Қан жүрісі – жүрек тынысы», «Дәрігер келгенге дейінгі көмек» секілді бірнеше ғылыми еңбек жазды. «Серпер», «Нәзік сезім», «Кәусар» сияқты роман-повестері арқылы көркем әдебиетке де молынан олжа салды. Медицина ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Күні бүгінге дейін қоғамдық мәні бар мәселелерге үн қосып қояды. Тағы бір дәрігер-қаламгер Қазақстанның халық жазушысы дәрежесіне дейін көтерілді. Ол – Алматы медицина институтының түлегі Иван Щеголихин. Иван Павлович қаламгерлікке бет бұрғанға дейін санитарлық-эпидемиологиялық станцияның дәрігері болып қызмет істеген. "Дефицит», «Должностные лица», «Не жалею, не зову, не плачу» романдарымен оқырман қауымға кең танылды.

Медицина ғылымдарының докторы Естөре Оразақов «О дүниеден оралған жан»», «Дәрігер жолы», «Қайта соққан жүрек», «Дәрігер парызы» деген деректі дүниелер жазып, білікті дәрігер ғана емес, танымал қаламгер ретінде де құрметке бөленді. Бұл салада биік дәрежеге жетіп, Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссары, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі және КСРО Медицина ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған Ишанбай Қарақұлов «Қырық сұрақ, «Қыз сыры», «Сырласу» атты тағылымдық кітаптар жазды. Ишанбай ағаның ауызша әзіл әңгімелері де жұртшылық арасына кең таралған. 1945 жылы Иркутск медицина институтын бітірген Зейін Шашкин бес жыл Бурабайдағы «Бармашы» санаторийінде отоларингологдәрігер болған. Жазушының «Доктор Дарханов» атты романы баршаға белгілі. Бұл әдебиетіміздің тарихындағы дәрігерлерге арналған тұңғыш роман еді. Шығарма басталған кезде бас кейіпкер Нияз Дархановтың Шортанды көлінің жағасында ойға шомып отыратын сәті оқырманның есінен шыға қоймаған болар... Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жылдарында-ақ Санкт-Петербургтің императорлық әскеримедициналық академиясын бітірген. Оның «Тамыр дәрі хақында», «Жұқпалы аурулар хақында», «Сары кезік – сүзек», «Оқушының саулығын сақтау», «Шума қандай ауру?» секілді еңбектері бар. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, шығыстанушы ғалым Санжар Асфендияров та – Халелден соң аталған әскери-медициналық академияны тамамдаған түлектердің бірі. Ол бірінші дүниежүзілік соғыста дәрігер болған. Қазіргі Алматы медицина университетінің бір кезде Қаз АССР Денсаулық сақтау халық комиссары, осы оқу орнының директоры болған С.Асфендияровтың атымен аталуы бекер емес. Кейінгі жиырма-отыз жылдың бедерінде Сұлтанбек Ешмұхамбетов, Әбдісабыр Өмешұлы, Сағындық Ордабеков сынды дәрігер-қаламгерлербой көрсетті. «Сарыағаш» санаторийінің таусылмас қызықтары, сонда демалған танымал тұлғалардың хикаялары жөнінде үнемі ой толғайтын Айтбай Тәсілов деген шипагерді де білеміз.

Сыр бойы қаламгерлерінің ішінде Амангелді Суханберлиев деген дәрігер бар. Ол сонау студент кезінен түрлі басылымдарға тынбай мақала жазып келеді. Әріптестері: «Әбекең «Қазақстанның құрметті журналисі» атағын «Қазақстанның құрметті дәрігері» атағынан (ондай атақ жоқ екенін біле тұра) бұрын алды ғой», – деп қалжыңдайды. Соған қарағанда, оның да қандауырынан гөрі қаламына бақ көбірек қонған сияқты...

Шығармашылық пен шипагерлік

Қара балам лор болар,
Қабілеті зор болар.
Құлақ-мұрның ауырса,
Қамқорлығы мол болар!

(Журналистік фольклордан).

Әлем әдебиетінде де қолынақалам ұстаған дәрігерлер жеткілікті. Әйгілі «Гаргантюа мен Пантагрюэльдің» авторы Франсуа Рабле медицина ғылымының докторы болған деседі. Ол өзінің жеке шығармашылығына ғана емес, қалың елдің денсаулығына да қатты алаңдапты. Атақты көріпкел әрі ақын Мишель Нострадамус IX Карлдың лейб-медигі (сарай дәрігері) болып қызмет істепті. Сөйтіп, талай ұлықтың деніқарнының сау болуына шипагер шайырдың септігі тиген. Немістің ұлы ақыны, драматург Фридрих Шиллердің мамандығы – әскери дәрігер. Ол бүтіндей бір полкті емдеген. Шерлок Холмс секілді қайталанбас ғажайып кейіпкерді өмірге әкелген ағылшын жазушысы Артур Конан-Дойль Эдинбург университетінің медицина факультетін бітірген. Кейін медицинадан докторлық қорғаған. Құрт ауруын емдеу саласында айтарлықтай аңалық ашқан. Соғыс кезінде майдан хирургі болған. Тағы бір ағылшын жазушысы, драматург Сомерсет Моэм де дәрігерлер санатынан. Ирланд жазушысы Джеймс Джойс та медицинамен шындап айналысқан. Ақ қағаздан несібе терген басқа да біраз қаламгер-дәрігерлерді атай кетейік. «Орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы Владимир Даль, әлемдік әдебиеттің классиктері Антон Чехов, Михаил Булгаков, Дмитрий Мамин-Сибиряк, танымал орыс жазушылары Виктор Вересаев, Василий Аксёнов, «Адам-амфибияның» («Қос мекенді адам») авторы, атақты фантаст Сергей Беляев, юморист-жазушы Аркадий Арканов, ақын әрі композитор Александр Розенбаум... Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.

Енді өзгені қоя тұрып, өз елімізге оралайық. Жасы ұлғайғанға дейін шипагерлерге көп жүгіне қоймаған Жамбыл атамыз «Денсаулық майданында балаларым, Әрдайым орындаңдар ел тілегін», – деп, дәрігерлер съезіне құттықтау жолдаған. Сондықтан Жәкемнің осы өлеңінің мақал-мәтел іспеттес үзінділерін еліміздің бірқатар емдеу мекемелері маңдайшасына жазып қояды. Бірде «Алматы ақшамы» газетінен «Жан қорғаны – дәрігерлер» деген ән мәтінін көзім шалып қалды. Әннің авторы – қазақтың талантты қызы, танымал ақын, әнші-композитор Елена Әбдіхалықова. Ал сөзін жазған кім дейсіз ғой? Дәрігер-хирург Болатбек Баймаханов. Алматының бас трансплантологы. Менің бір кездегі бұйырмаған «курстасым». Ұйқасы шымыр, ойы анық, тәп-тәуір өлең. Бұл ән бүгінде мегаполис дәрігерлерінің гимніне айналған көрінеді. Ендеше, дәрігерлер арасында тағы бір қаламгер жүр. Біздің сүйікті дәрігердің нағыз өзі. Жүрегін жыр толқытқан шығармашыл шипагер жұртқа ұнамаушы ма еді?! Мұқағали ақын мына бір өлеңін осы Болатбек секілді сөз қадірін түсінетін дәрігерлерге арнап жазған шығар:

Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден.
Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген...
Құпиямды көресің ғой,
мен сондықтан именем,
Кешір мені,
Кешір мені!
Кетем ертең үйге мен.

Өмірдің құбылыстарын терең талдайтын арқалы ақынның, нақ сол сәттегі парасатты пациенттің поэзиясы дәрігердің өзін майдай ерітеді. Ем-домның бәрінен жеріп, тағдырға мойынсұнған адамның жүрегінен шыққан жанайқайы бар бұл өлеңде. Соған қарамастан,

«Ғылымға да, өзіңе де рахмет, бас ұрам!
Уақытым барады өтіп, мен бір жаққа асығам...»,

– деп еңсесін тіктеп, көңілін көтеріп, өзін күйгелектіктен аулақ ұстайды.

Ал Александр Блок небәрі жиырма үш жасында кәрілік кеп қалғандай күйзеліп, арғы-бергі дүниенің тылсымынан сыр аулап, саналыға сүйініп, кеспірсізге күйініп жазған өлеңінде:

Кому поверить? С кем мириться?

Врачи, поэты и попы...

Ах если б мог я научиться

Бессмертной пошлости толпы! – депті.

Ол да тіршілікте тағдыры тоғысатын үш адамның бірі ретінде дәрігерді тілге тиек етеді. Осылайша дәрігерлер ақындардың өмірінде ғана емес, өлеңінде де ерекше көрініс байқатады. Әйтсе де, сол дәрігерлік кәсіпті өзі игерген қаламгерлердің байлам-байыптамаларының жөні бөлек. Шығармашылықтың сиқырын талдауға келгенде «Роман жазудың үш тәсілі бар. Өкінішке қарай, оны ешкім де білмейді», – деп айтарын астарлап, өзгешелеу ой қорытқан Сомерсет Моэм шипагерліктің бар құпиясын жетік меңгерген. Лондондағы медицина мектебінде оқыған кезінде ауруханада үнемі хирургтердің жанында жүріп, көп нәрсе үйренген жазушы сол тәжірибесі кейін «Ламбеттен шыққан Лиза» деген романында кәдеге асқаны туралы жазды.

Шерхан Мұртазаның «Дәрігердің үшінші қаруы» деген әңгімесі бар. Бұл шығармаға сонау Әбу Әли Ибн Сина дәуірінен тамыр тартатын «Дәрігердің үш қаруы бар: қандауыр, шөп және сөз» деген қанатты қағида түрткі болған. Арқаның ақ бораны ұйтқып тұрған қаһарлы қыстың бір күнінде ауық-ауық кассаға келіп: «Көктоғайға самолет қашан ұшады?», – деп сұрайтын Әшім деген дәрігер Сырға деген келіншекті шынайы көңілімен, ыстық ықыласымен емдейді. Қатерлі науқасқа шалдыққан жанды жылы сөзімен жігерлендіреді. Шерағаңның бірінші жақтан баяндайтын кейіпкері әдепкіде «Осының өзі ақын емес пе екен?», – деп бұл дәрігердің де сыртқы сипатынан шығармашылықтың болмысын іздейді.

Академик Камал Ормантаев бірде мені бір жолдасына «Айқын» газетінің бас дәрігері», – деп таныстырғаны бар. Миының қатпарқатпарына дейін медицина ұғымдары ұялап қалған ардақты ағамыздың аузына «бас редактор» дегеннен гөрі «бас дәрігер» деген сөз бұрынырақ түседі. Бас дәрігер де, жас дәрігер де адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеуге тиіс. Бүгінгі қолына қалам ұстағандардың біразы шипагерлікке табан тірегенде дәрімен де, сөзбен де емдейтін нағыз «біздің сүйікті дәрігер» болар ма еді, кім біледі...

Жазушы Қуандық Түменбай «Көзілдірік бауы салбыраған Антон Павлович (Чехов) әуелі дәрігер, сосын жазушы болып тарихта қалды.

Пышақ пен қаламды қолына қатар ұстаған кірпияз адамды көргендей болам. Ол екеуіне де адал...», – деп жазды. Әрине, қаламгердің бәрі бірдей Чехов бола алмас. Шипагерлік пен шығармашылықты, шынайылық пен шеберлікті ұштастыру қайдан оңай болсын?!

Бірақ ақ халатты ақ параққа айырбастағандар қай мамандықты қаласа да адал атқаратын секілді көрінеді бізге..

Бауыржан ОМАРҰЛЫ