Бүгін Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасында бір топ қаламгер бас қосып, бүгінгі әдеби ахуал төңірегінде талқылаулар өткізді.
Басқосуға Төлен Әбдік, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Алдан Смайл, Ғарифолла Есім, Әнес Сарай бастаған көрнекті қаламгерлер мен жас ақын-жазушылар қатысты.
Жиынның негізгі мәселелерінің бірі Қазақстан Жазушылар Одағының Астана қалалық филиалы директорын тағайындау болды. Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы Ұлықбек Есдəулет пен бірінші орынбасар Ақберен Елгезек бұл қызметке танымал ақын Бауыржан Қарағызұлын ұсынды. Көпшілік қолдауымен Бауыржан Қарағызұлы ЖО-ның Астана қалалық филиалы басшы болып тағайындалды.
Бұған дейін бұл қызметті белгілі ақын Несіпбек Айтұлы атқарған болатын. Несіпбек Айтұлы жақында өткен XV Құрылтай шешіміне сәйкес, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма хатшысы қызметіне кірісті.
Айта кетсек, Бауыржан Қарағызұлы 1982 жылы 17 қазанда дүниеге келген.
Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің екі мәрте лауреаты және Гран-При жүлдесінің иегері (2006-2008 ж.). Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласына сіңірген еңбегі мен үздік ақындығы үшін «Патриот» медалін иеленген. (2011 ж.).
«Жұмбақтасқа жауған күз», «Өң.Мен.Түс.». «Жүрек кітабы», «Топырық демі» (қырғыз тілінде) атты жыр-кітаптарының авторы.
Республикалық «Алаш үні» газетінде тілші (2003-2004 ж.), Елордалық «Астана» журналында тілшілер қосынының жетекшісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары (2005-2008 ж.), Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында редакциялық бөлімнің редакторы және «Кітап патшалығы» журналының бас редакторының орынбасары (2008-2011 жж.). Көкшетау қаласындағы «Ақпараттық кітапхана жүйесі» Мемлекеттік мекемесінде директор (2011-2013жж.) «Әдебиет порталы» интернет-жобасының жетекшісі қызметін атқарған.