Батысқазақстандық спортшылар шәкіртақы кешіккеніне шағымданды. Оларға ай сайын төлем жергілікті бюджет есебінен төленеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Әділ Қырымгереев осы мәселе, төлемдердің бірінші рет кешігіп тұрмағаны туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
"Батыс Қазақстан облысында спортшыларға шәкіртақы төрт айға кешіктірілді. Біз республикалық жарыстарда облыс намысын, ал халықаралық жарыстарда ел намысын қорғаймыз. Қаржылық жағынан мемлекеттен қолдау күтеміз, бұл спорттық мансабымызда өте маңызды. Ертең нәтиже болу үшін қазір қаражат бөліну керек. Ал бізде керісінше жасалады", - деді Әділ Қырымгереев.
Спорт шенеуніктері бұл мәселені 10 қарашаға дейін шешуге уәде берді.
Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы құрама командалардың мүшелеріне стипендия 2017 жылдан бастап төленетінін атап өтті. Бұған бюджеттен қаражат бөлінеді.
"Биыл спорттың әр түрінен 240 спортшы бірінші жартыжылдыққа төлем алды. Үшінші тоқсанда стипендиялар әлі төленген жоқ. Биыл бұл мақсатқа 106 миллион теңге бөлінді, бірақ жеткіліксіз болды. Бұл жылдан-жылға спортшылардың саны артып келе жатқандығына байланысты. Тоқсандық шәкіртақы қоры 60 миллион теңге болды. Төлемдерді биыл 10 қарашаға дейін төлейміз", - деді БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Нығметуллин.
1291 рет оқылды