Фото: ашық дереккөз
Батыс Қазақстан облысында 13–14 желтоқсан күндері соққан қатты боран адам шығынына әкелді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде үш адам көз жұмып, бір адам аман құтқарылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Қайғылы оқиғалар бірнеше ауданда тіркелген. Жәнібек ауданында 58 жастағы ер адамның мәйіті табылса, Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы азамат қаза болған. Ал Қазталов ауданында боран кезінде хабар-ошарсыз кеткен 35 жастағы ер адамның денесін құтқарушылар анықтады. Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұмдардың барлығы қатты аяз салдарынан үсіп қайтыс болған.
Сондай-ақ тағы бір тұрғын тірі табылып, оның аяқ-қолын үсік шалғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Орал қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді.
15 желтоқсанға дейінгі дерек бойынша бір адам әлі іздестіріліп жатыр. Жоғалған азамат — Жәнібек ауданының 59 жастағы тұрғыны. Ол 13 желтоқсан күні кешкі уақытта қыстаудан шығып кеткен.
Іздеу-құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, әскери бөлім өкілдері мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.
