Фото: belta.by
Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының прокуратурасы жалақы бойынша қарыздарды өтеуге қол жеткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңір прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаратөбе ауданының прокуратурасы «Қаратөбе ауданының коммуналдық кәсіпорыны» ШЖҚ-дағы МКК қызметкерлерінің еңбек құқықтарының сақталуын талдау нәтижесінде аталған кәсіпорынның 33 жұмысшысы бірнеше ай еңбекақы алмағанын анықтаған.
Оған мемлекеттен алатын субсидияның есебін уақтылы тапсырмау себеп болған.
"Прокуратураның араласуынан кейін 4 млн. теңгеден астам еңбекақы берешегі жойылды.
Оған қоса прокурорлар кәсіпорын директорын әкімшілік жауаптылыққа тартуға қол жеткізді.
Прокуратураның ұсынысымен және үйлестіруімен кәсіпорынның кірісін өсіру мақсатында оның жарғысына өзгерістер енгізіліп, көрсетілетін қызмет түрлері кеңейтілді" - делінген хабарламада.