Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекенінде ірі өрт болып, қой-ешкі от арасында қалып қойды. Бүгінгі таңда ауданда төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" жергілікті "Орал өңірі" басылымына сілтеме жасап.
Аудан əкімі Абат Шыныбеков, аудан əкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожин, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбайұлы, бөлім басшылары Қособа ауылының тұрғындарымен кездесті.
- Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Шығын өте көп. Ауыл тұрғындарына аудан тарапынан қолымыздан келгенше көмек көрсетуге əзірміз. Ауданымыздың шаруа қожалық жетекшілеріне үндеу жариялап, келтірілген шығынды қайтару мақсатында асарлатып көмек көрсететін боламыз. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" демекші қиын жағдайда көмек көрсетуге əр уақытта дайынбыз. Мал азығын дайындауда және алдағы оқу жылына оқушылардың оқу құралдарын алып беруге де көмек болады, - деді аудан əкімі кездесуде.
«29-30 шілде күндері аралығында Жаңақала ауданынан дала өрті кіріп, Талдыапан ауылдық округіне қарасты Қособа елді мекені тұрғындарының ұсақ малдары өртке оранып, келтірілген шығын анықталды», - дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімі. Күні бүгін 598 ұсақ мал өртеніп кеткен. Соның ішінде 404 қозылы-қой, 194 ешкі-лақ. Қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, материалдық өтемақы төлеудің жолдары қарастырылуда.