16 нау, 2018 сағат 15:30

Бас прокурор ОҚО-да зорланды делінген баланың ісіне қатысты тапсырма берді

Арнайы прокурор ОҚО-да зорланды делінген жеті жасар балаға қатысты істі өндіріске қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бас прокурордың тапсырмасы бойынша арнайы прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кішкентай тұрғынына қатысты зорлық әрекеттері туралы арыз бойынша  сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өз өндірісіне қабылдады. Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес, кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын сақтау және болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті шаралар қабылданды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, процестің барлық қатысушысының өтінішхаттары негізінде кешенді сот-медициналық сараптамаға кәсіби мамандар жұмылдырылатыны айтылады.

"Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның бақылауында. Істің фигуранттары жасөспірімдер болғандықтан, Қылмыстық-процестік кодекстің 532-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың құқықтарының құпиялылығын сақтау қажеттігін ескертеміз. Жеке өмір туралы мәліметтерді көпшілік алдында, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарын қолдану арқылы жария еткен үшін Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған", - делінген Бас прокуратураның сайтында.

Сонымен қатар, тергеу нәтижесі туралы ақпарат жасөспірімдердің құқығы мен заңды мүдделерін ескере келе, қоғам назарына тиісті көлемде жеткізілетіні айтылады.

Мұның алдында ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиева зорлық көрді делінген жеті жасар баланың анасы онымен байланысқа шыққанын айтып, баланың бүгін анасымен кездесетінін айтқан болатын.

Сондай-ақ, осыған дейін ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Бәлиеваның зорлық көрді делінген оқушы баламен кездескені хабарланған болатын. Бәлиеваның айтуынша, баланың денсаулығы мен құқығын қорғау мақсатында тергеуші балаға ешкімнің де қандай да бір сұрақ қоя алмайтын қаулы шығарған. 

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған. Қылмыстық іс қозғалды.

Қазір бала Астанада. Кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізілгеннен кейін тиісті шаралар қолданылатын болады.

Айта кету керек, даулы жағдайдан соң ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, жұмыстарынан шеттетті. Абай мен Сарыағаш елді мекендерінде полиция қызметкерлері орнынан кетті.