30 нау, 2018 сағат 14:01

Бас прокуратура: Елдегі барлық сауда нысаны мен оқу орны тексеріледі

Өрт қауіпсіздігіне байланысты бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Бас прокуратура өртке қарсы қызмет органдарына республика бойынша барлық сауда нысанын жоспардан тыс тексеруді ұйымдастыруды тапсырды, деп хабарлайды қадағалаушы органның баспасөз қызметі. 

Баспасөз қызметі хабарлағандай, екі ай ішінде 1,5 мың шаршы метр және одан да үлкен құрылыс ауданы бар 1151 нысанды тексеру жоспарланған.  

Сауда нысандарынан басқа, прокуратураның талабы бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқуды жүзеге асыратын жеке мекемелер, сондай-ақ жалпы білім беретін оқу орындары тексеріледі. 

Аталған іс-шаралардың мақсаты – өртке қарсы қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып отырған нысандардың қызмет жолын кесу, осындай іс-әрекеттерге ықпал ететін себептерді жою. 

"Өртке қарсы қызмет органдары осы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған сауда орталықтарын ғана тексере алатынын атап өтеміз. Уәкілетті мемлекеттік органдарға адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупі болған кезде жоспардан тыс тексеріс жүргізуді тапсыру құқығы прокуратура органдарына тиесілі", — деп жазылған хабарламада.