29 қыр, 2021 сағат 17:30

Бас бапкерлердің айлығын 450 мың теңгеге дейін көтердік - Андрей Крюков


Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков олимпиадалық спорт түрлері бойынша бас бапкерлердің айлығы қанша екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылы халықаралық санаттағы және спорттық резервтегі спортшыларды, олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерін халықаралық жарыстарға дайындау туралы мемлекеттік тапсырма берілді. Бұл тапсырманы іске асыруды қызметкерлердің ауысуынан бастадық. Яғни Мәдениет және спорт министрілігіне бағынышты ұйымдар Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылымына өтті. Мемлекеттік тапсырманы орындауға барлығы 72 адам тартылды. Ұлттық олимпиада комитеті осы мемлекеттік тапсырманы орындайтын әкімшілік-басқару аппараты қызметкерлерінің айлық қорының 42 пайызын өз қаражаты есебінен төлеп отыр. Спортшылар мен бапкерлерге төленетін ақша айтарлықтай көтерілді. Бұған дейін бас бапкерлердің орташа еңбекақысы 180 мың теңгеден аспайтын. 2019 жылдан бастап бас бапкерлердің айлығы 450 мың теңгеге дейін көтерілді», - деді комитеттің хатшысы.

Сондай-ақ, ол Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алынған спорт түрлері бойынша спортшылар мен бапкерлердің айлығы айтарлықтай өскенін атады.

«2018 жылдан бастап өңірлердің бәрінде материалдық-техникалық базаны түгендеу жүргізілді. Мамандар өңірлердің бәрін аралап шықты. Қорытындысы бойынша қалыптасқан проблемаларды жергілікті деңгейде шешу ұсынылды. Сондай-ақ, еліміз бойынша 60-тан астам жаңа спорт нысаны аккредиттелді», - деді Андрей Крюков.