28 жел, 2022 сағат 12:59

«Барыс» хоккейшісі Қазақстан азаматтығынан айырылды

Фото: hcbarys.kz

Қос азаматтығы бар хоккейші Дмитрий Шевченко Қазақстан азаматтығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталы.

Шайба.kz сайтынан мәлім болғанындай, «Барыс» хоккей клубы мен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дмитрий Шевченко желтоқсан айының басында астаналық командаға қайта оралғаннан кейін Қазақстан азаматтығынан айырылған.

Жазда «Барыс» басшылығын орнынан босатуды талап етіп, петиция ұйымдастырған жанкүйерлердің белсенді тобы ҚР ІІМ Астана полиция департаменті көші-қон басқармасына Дмитрий Эдуардович Шевченконың (1995 жылы 15 желтоқсанда туған, туған жері – Щёкино қаласы, Тула облысы, Ресей Федерациясы, жұмыс істейтін жері – «Барыс» хоккей клубы) қос азаматтығын тексеру жөнінде жүгінген. Өтініште спортшының Қазақстан заңнамасына қайшы келетін қос азаматтығы бар екендігі туралы дәлелдер келтірілген.

Тексеру барысында Қазақстан азаматы Дмитрий Шевченконың шетелдік мемлекеттің (Ресей Федерациясы) азаматы екендігі анықталды. «Қазақстан азаматтығы туралы» ҚР Заңының 21-бабы 5-тармағына сәйкес биылғы 6 желтоқсанда Дмитрий Шевченконың Қазақстан азаматтығы жойылды деп тіркелді.

Азаматтығы жоқ хоккейші Қазақстан құрамасы сапында халықаралық жарыстарда ойнай алмайды. Жанкүйерлердің белсенді тобы Шайба.kz сайтына Қазақстан азаматы бола тұра, бұрынғы азаматтығынан бас тартпаған «Барыс» пен ел құрамасының басқа да ойыншыларына қатысты тексеру жөнінде сондай өтініштер жолдайтынын хабарлаған.

Астана полиция департаменті көші-қон басқармасының ресми жауабы электронды күйінде аталған сайтқа түскен.