13 шіл, 2021 сағат 17:55

«Барыс» хоккей клубы бас бапкермен келісімді ұзартты


«Барыс» хоккей клубы бас бапкер Юрий Михайлиспен жасалған шарттың ұзартылғанын ресми түрде хабарлады, деп жазады sports.kz сайты.

Келісімнің мерзімі бір жылды құрайды (2022 жылғы 30 сәуірге дейін). 

Естеріңізге сала кетейік, өткен жазда Михайлис «Барысты» басқарды, кейіннен команда кезекті рет Құрлықтық хоккей лигасында плей-оффқа шықты. Мамыр айында маман элиталық дивизионда өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде дебют жасады. Латвиядағы турнирде отандық команда төрт жеңіске жетіп, топта бесінші орынға ие болды. Осылайша өзі үшін рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

«Барыс» жаттықтырушылар штабында өзгерістер болған жоқ. Юрий Владимировичке Александр Ахцигер, Андрей Шаянов, Максим Семенов және Александр Шимин көмектесуді жалғастырады.