Әділет Барменқұлов "Қазақстан футбол федерациясының" жаңа басшысы болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Елордада ҚФФ-ның кезекті жиыны өтті. Аталған шарада федерацияның жаңа басшысы сайланды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша "Шахтер" директорлар кеңесінің төрағасы Барменқұлов жеңіске жетті.
Дауыс беруге "Қазақстан футбол федерациясы" қауымдастығы" ЗТБ мүшелері, сондай-ақ ҚФФ Атқарушы комитеті мүшелері мен делегаттары қатысқан. Дауыс берушілердің жалпы саны - 26 адам.
Барменқұлов 14 дауыс жинап, Берік Қаниевті басып озды (11). Тағы бір дауысты Давид Лория алды.
«Футболдың дамуына мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да қызығушылық болуы қажет. Біздің міндет - мемлекет пен қоғам арасында тығыз байланыс орнату. Футбол ұлттық жобаға айналуы керек. Ол үшін стратегиялық құжат әзірлеуіміз қажет. Ол құжатта футболды дамытудың міндеті мен датасы нақты көрсетіледі. Министрмен кездесіп, нақты жоспарымызды ұсынамыз», - деді Әділет Барменқұлов БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.