17 нау, 2020 сағат 07:43

Банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ – Мәдина Әбілқасымова

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытында қандай шаралар қолға алынып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы жүйесіндегі жағдай тұрақты. Шоғырландырылған негізде екінші деңгейлі банктердің үздіксіз қызметін қамтамасыз ету және банктік қызметтердің толық тізбесін көрсету үшін меншікті капиталы мен өтімділігінің едәуір қоры бар. Банктердің салымшылары үшін тәуекелдер жоқ. Активтер сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша реттеушілік минимумға қатысты К1 капиталының жеткіліктілігінің асып кетуі түзетулерді ескергенде 70 пайызды құрайды», - деді агенттік төрағасы Үкімет отырысында.

Оның айтуынша агенттік банктердің тауар және қаржы нарықтарында әлеуметтік күйзелістерге орнықтылығын анықтау үшін жүйелі деңгейде жұмыс жүргізуде. 

«Осы жылдың 30 наурызына дейін активтердің сапасын тәуелсіз бағалау нәтижелері бойынша банктерді түзету іс-қимыл жоспарлары қабылданады. Бұл ретте өзгерген экономикалық жағдайларды ескере отырып, 2020 жылдың 1 қазанына дейін провизияларды есептеу тәсілдерін күшейтетін бірқатар реттеу шарасын енгізу кейінге қалдырылады», - деді ол.