27 нау, 2018 сағат 16:35

Балиева Кемероводағы қайғылы жағдайдан кейін кәсіпкерлерге үндеу жасады

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева Ресейдің Кемерово қаласындағы қайғылы жағдайдан кейін мекеме, ұйым мен ғимарат басшыларына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ресей Федерациясының Кемерово қаласындағы балалардың өліміне әкеп соққан қайғылы жағдайға байланысты көз жұмғандардың туғандары мен жақындарына көңіл айтады. Марқұмдардың туған-туыстары үшін бұл - орны толмас қаза, үлкен қайғы. Жауапты адамдардың өз ісіне салғырт қарауы балалардың өліміне әкеп соқтырған бұл жағдай - біз үшін де сабақ», - делінген хабарламада.

Зағипа Балиева әр түрлі ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, кинотеатрлар мен адамдар көптеп жиналатын орындардың басшыларын өз ғимараттарында қауіпсіздік ережелерін сақтап, қауіпсіздік техникасы мен күзет қызметі кезінде ақшаны үнемдеп қалмауға, ғимаратқа келушілердің барлығы, әсіресе балалар бос уақытын толық қауіпсіздікте өткізе алатындай жағдай жасауға шақырды.

«Балалар үйінің, мектепке дейінгі мекемелердің, колледждер мен барлық оқу орындарының директорлары өз ғимараттарын, баспалдақтан бастап, астын да, шатырын да тексеріп, өз аумағындағы қауіпсіздікке көз жеткізіп алғаны абзал болар. Ал ресми мемлекеттік органдар заңнамаға сәйкес, мекемелердің, орындардың, ұйымдардың басшыларын қауіпсіздік техникасының ережелеріне сәйкес тексеріс жүргізгені жөн», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, 25 наурыз күні Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» сауда үйінде өрт шығып, соңғы деректерге сәйкес 64 адам қаза тапқан болатын.