Фото: @halyk_zhurnalist.kz
Талдықорғанда мектеп пен білім бөлімінің 21 есепшісі қаржы жымқырды деген айыппен сотталды. Айыпкерлердің арасында екі айлық сәбидің анасы да бар. Журналист Сандуғаш Дүйсенова анасына қатысты сот шешімімен келіспей мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Azattyq Rýhy порталына сілтеме жасап.
Таяуда Талдықорған қалалық білім бөлімі мен мектептердің бір топ бухгалтерлері мемлекет қазынасының ақшасын жымқырды. Осылайша сотқа 21 адам жауапқа тартылған еді.
Жоғарғы соттың мәліметінше, білім басқармасының бас есепшісі 3 жыл бойы ұрлықпен айналысқан бір топ әріптесін басқарып отырған. Оның құрамына 7 бөлім мен 14 мектеп есепшісі кірді.
Журналист Сандуғаш Дүйсенованың айтуынша, сотталғандардың бірі Дана Шәріпованың емшектегі екі айлық сәбиі бар. Сот барысында әйел босанған екен.
"Судья мына екі айлық баланы жетім қалдырып, анасынан айырды. Ол қамауға алынды. Екі айлық баланың жазығы не? Енді оны кім тамақтандырады? Оған кім қарайды? – дейді журналист.
Сол сәбидің анасы енді жеті жылға сотталып отыр.
"Мен олардың кінәсі жоқ, олар кінәлі деп айтпаймын. Бірақ бұл сәбидің анасын тастап кетуге болатын еді!", – дейді Сандуғаш Дүйсенова.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырып, ұйымдасқан бухгалтерлер тобының ісі қаралды. Сот кезінде 3 жыл бойы Талдықорған білім бөлімінің бас бухгалтері С-мен және әріптестерінен құралған (7 білім бөлімі және 14 орта мектеп) қылмыстық топ ұйымдастырған. Оның басшылығымен ұйымдасқан топ алдын ала сөз байласу арқылы жалған жұмыскерлерге және мектеп қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларынан тыс жалақы есептеу арқылы 4,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.