18 нау, 2026 сағат 12:02

БАЛАНЫ КІТАПҚА БАУЛУ КЕРЕК

Фото: ЖИ арқылы жасалды
Ақпараттық қоғамда балалар контентін қалыптастырудың рөлі ерекше маңызға ие болып отыр. Өйткені қазіргі ұрпақтың дүниетанымы мен мінез-құлқы ең алдымен көріп-тыңдайтын, тұтынатын ақпаратына тікелей байланысты. Алайда қазіргі кезде балаларға арналған контенттің барлығы сапалы, тәрбиелік мәні жоғары деп айтуға келмейді. Ғаламтор желісінде мағынасыз, уақытты босқа өткізетін, тіпті зиянды мазмұндағы материалдардың көптігі қоғам үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Осы түйткілді шешудің бір жолы – балаға кітап оқуды әдетке айналдыру дейді мамандар. Яғни,  ұлттық құндылық пен тәлім-тәрбиенің бастауы, адал азамат болып қалыптасудың негізі кітапта жатыр. Осы тақырып бойынша Астана қаласының «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Қуантай Абдусамат Нұрлыбекұлымен аз-кем әңгілескен едік. 

- Қазіргі ақпарат дәурінде балаларымыздың телефонға телміріп, интернеттен шыға алмай отыр. Өскелең ұрпаққа қажетті және сапалы өнімді ұсынудың жолдары қандай?

- Бұл мәселені шешу үшін балаларға арналған отандық мультфильмдер, бағдарламалар мен танымдық жобаларды көбейту керек, шығармашылық мамандарға қолдау көрсетіп, сапалы контент жасауға жағдай жасау маңызды. Сонымен қатар, баланы тек интернетке ғана сүйендірмей, кітапқа баулуға, кітаппен тәрбиелеуге тырысуымыз керек. Себебі кітап баланың ойлау қабілетін дамытып, тіл байлығын арттырып, тәрбиені тереңірек қалыптастырады. Содан кейін, интернетті дұрыс пайдалану мәдениетін білу маңызды. Балаға пайдалы сайттар мен білім беретін платформаларды таңдауға көмектесіп, цифрлық сауаттылыққа бейімдеуіміз қажет. 

- «Адал азамат» туралы жиі айтып жүрміз. Мұның бастауы қайда жатыр және нәтижесін қалай көреміз?

- Кітапханашы ретінде  айтарым, «адал азамат» тек ұран болып қалмауы үшін оның нәтижесі күнделікті өмірде көрінуі керек. «Адал азамат» – қоғамды өзгертетін нақты күш. Оның нәтижесі көзге бірден көрінбесе де, іс жүзінде сезіледі. Адамдардың бір-біріне сенімі күшейеді, әділдік көбейеді, әркім өз жұмысын жауапкершілікпен атқара бастайды. Кітапханада бұл оқырманға дұрыс қызмет көрсету, тәртіп сақтау, ақпаратты әділ жеткізу арқылы көрінеді. Осындай адал әрекеттер көбейген сайын қоғам да тұрақты әрі мәдениетті бола түседі. Мысалы, кезекте әділдік сақталса, қызмет сапасы жақсарса, парасыз мәселе шешілсе — бұл адалдықтың нақты нәтижесі. Егер мұндай өзгерістер байқалмаса, онда расында да ол тек сөз күйінде қалып қоюы мүмкін. Сондықтан адалдық әр адамның іс-әрекеті арқылы дәлелденгенде ғана құндылыққа айналады.

- Ел тарихы, ұлт руханияты мен  салт-дәстүрімізді насихаттауда кітапхана өз қызметін қалай атқарып келеді?

- Ұлт тарихын, салт-дәстүр мен рухани құндылықтарды сақтап, насихаттауда мемлекет тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір тарихи кітаптар шығару, мәдени шаралар өткізу, ұлттық мерекелерді атап өту сияқты істер көбейген. Кітапхана жағынан біз де осы бағытта жұмыс істейміз: кітаптар ұсынып, көрмелер ұйымдастырып, оқырмандарға ұлттық тарих туралы ақпарат беруге тырысамыз. Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтарды сақтауға мүмкіндік бар, тек оны дұрыс пайдаланып, әр адам өз үлесін қосса болғаны. Кітапханада да осы бағытта түрлі шаралар ұйымдастырамыз: кездесулер, тәрбие сағаттары, тақырыптық көрмелер, пікірталастар өткізіліп, адалдық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік, елге қызмет сияқты құндылықтар насихатталады. Мұндай іс-шаралар жастардың ой-санасын қалыптастырып, дұрыс бағыт беруге ықпал етеді деп ойлаймын. Нәтижесінде жастардың бойында адал азамат болуға деген ұмтылыс артып, қоғамға деген жауапкершілік көзқарасы күшейе түседі.

- «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әлем бойынша кітап көп оқитын алдыңғы он  мемлекеттің қатыраны кіру сияқты мақсат қойылғаны белгілі. Осы ретте кітап оқушылардың қатары көбейген болар? 

- Мен қызмет ететін кітапханада ғылымға қатысты жұмыстар біртіндеп дамып келеді деп айтуға болады. Соңғы жылдары оқырмандардың ғылыми әдебиеттерге деген сұранысы артты. Әсіресе студенттер зерттеу жұмыстарына жиі келеді. Біз оларға қажетті кітаптар мен дереккөздерді тауып беруге, ғылыми ақпаратқа қолжетімділікті арттыруға тырысамыз. Сонымен қатар, ғылыми-танымдық іс-шаралар, кітап көрмелері ұйымдастырылып, жаңа ғылыми басылымдар таныстырылуда. Жалпы, кітапхана ғылым мен білімді қолдайтын маңызды ақпарат орталығы ретінде өз рөлін күшейтіп келеді.

- Кітапхана өз қызметін атқарып отыр дегенмен де ұлттың біртұтастығы мен құндылықтарын сақтау неге байланысты?  

- Ұлттық бірегейлікті сақтау үшін ең бастысы – тіл мен тәрбиені қатар ұстау. Әр адам күнделікті өмірінде ана тілін қолданса, салт-дәстүрді құрметтесе, ұлттық сана да сақталады. Қазір бұл бағытта мәдениет пен білім саласында жұмыстар жүріп жатыр. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын іс-шаралар көбейген. Дегенмен, ең үлкен рөл бәрібір әр отбасының тәрбиесіне байланысты. Менің ойымша, ұлттық құндылықтардың жоғалуына жол бермеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Бұл ең алдымен әр азаматқа және ата-ананың тікелей жауапкершілігі. Себебі бала ең бірінші тәрбиені отбасынан алады, ал қоғам сол тәрбиені толықтырады. Сондықтан әркім өз орнында дұрыс үлгі көрсетсе ғана болашақ ұрпақ ұлттық құндылықтан ажырамай өседі. 

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Қуантай Абдусамат Нұрлыбекұлы
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы