23 қыр, 2024 сағат 15:25

Балалар шығармашылығы ауылда да ойдағыдай дамуда


Фото:kaz.vesti.kz алынды
Елімізде «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасы іске асып келеді. Жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға және педагогтердің кәсіби дамуына тең мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған. 

Биыл жобаға 40 мыңнан астам оқушы білім алатын 56 ауыл мектебі қосылды. Әрқайсысы заманауи лабораториялармен, робототехника, STEM-лаборатория, физика, химия кабинеттерімен толықтай жабдықталуда. Акт залы мен спорт залындағы жиһаз бен спорт құралдары, асхана мен мұғалімдер бөлмесі жаңартылуда. Жалпы жоба аясында 1848 кабинет жаңартылады.

Осы ретте Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асып жатқан жобаларға тоқталсақ. 

«Арт спорт» бағдарламасы. Балалардың спорт және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуын қамтамасыз ететін жоба. Ол 2021 жылы құрылды. Бағдарламаға шамамен 100 млрд теңге бөлінген. 2023 жылы бұл бағдарлама аясында 560 мыңнан астам бала қамтылды. Бағдарлама арқылы балалар бос уақытын тиімді өткізіп,  олардың спорттық және шығармашылық қабілеттерін дамытуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде жылдам салынатын спорттық нысандар мен инфрақұрылымның дамуы да жоспарда бар. 

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы. Бұл жоба ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың жеке қадағалауында. Бағдарламаға 2023 жылы 198 млрд теңге бөлінген. 2027 жылға дейін бұл жоба аясында 3,5 мың ауылды дамыту көзделген. Жоба арқылы ауыл халқының 90%-ы қамтылмақ.