13 там, 2025 сағат 16:18

Балалар омбудсмені Алматыдағы концертке жас волонтерлерді тарту оқиғасына пікір білдірді

Фото: Biz birgemiz волонтерлер штабы

Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 10 тамызда Алматыдағы Орталық стадионда өткен америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің концертіне жасөспірімдерді волонтер ретінде тарту мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.

«Алматыдағы концертке кәмелетке толмағандарды волонтер ретінде тарту мәселесі бойынша Бала құқықтарын қорғау комитетіне және уәкілетті органдарға барлық мән-жайды зерттеп, тиісті шаралар қабылдау үшін өтініш жолдадым», – деп жазды ол Instagram желісіндегі сторисінде.


Бұған дейін кәмелетке толмаған волонтерлер концерт ұйымдастырушыларына кешкі уақытта үйге жету үшін көлік ұйымдастырылмағанын (заң бойынша бұл уақытта балалардың көшеде жүруіне болмайды), нұсқаулықтың дұрыс берілмегенін және тамақтың уақытылы жеткізілмегенін айтып шағымданған.

Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта (22:00-ден 06:00-ге дейін), қосымша жұмысқа, вахталық әдіспен, қоса атқару тәртібімен немесе жиынтық жұмыс уақыты есебімен жұмысқа тартуға тыйым салынады. Сондай-ақ, олармен еңбек шартын жасасу үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің жазбаша келісімі қажет. Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова:

«Балалар еңбегін заңсыз пайдалану – жұмыс берушілер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкелетін ауыр құқықбұзушылық, сондай-ақ ол баланың денсаулығына орны толмас зиян келтіруі мүмкін», – деп атап өтті.


Ал "Biz birgemiz" волонтерлер штабы таратылған ақпаратты жоққа шығарып, ресми түсініктеме берді. Олардың мәлімдеуінше, іс-шараға көмек көрсету үшін 6 мыңнан астам адамнан өтінім қабылданып, іріктеу нәтижесінде 300 волонтер шақырылған. Бір апта бұрын олардың барлығына қатысу шарттары түсіндіріліп, нұсқаулық жүргізілген. Концерт күні волонтерлерді «Salam Bro» кафелер желісі тегін тамақ және сусындармен қамтамасыз еткен. Тамақ ауысымға байланысты күні бойы берілген, сондай-ақ демалуға арналған уақыт пен арнайы аймақ қарастырылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерт 19:00-де басталып, 21:00-де аяқталуы жоспарланғандықтан, кәмелетке толмағандарды жеткізу бойынша трансфер қарастырылмаған. Себебі Алматыда қоғамдық көлік 23:00-ге дейін қатынайды. Сонымен қатар, стадион аумағында ауыз су және жеке заттарды сақтайтын орын ұйымдастырылған. Волонтерлер өз қалауы бойынша жұмыс уақытын таңдап, қажет болған жағдайда бір-бірін алмастырған. Концерттен кейінгі аумақты тазалау да тек ерікті негізде жүргізілген.

«Волонтерлік – әр адамның ерікті таңдауы және азаматтық белсенділігінің көрінісі. Біз олардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Осындай бастамалар қоғамды бірлікке және қамқорлыққа жетелейді», – деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.


Айта кетейік, Дженнифер Лопестің концертінде волонтер болған бір қыз ұйымдастырушылардың заңды өрескел бұзғанын айтқан. Волонтерлер таңғы сағат 11-ден түнгі сағат 23:00-ге дейін қызмет еткен.

"Ережеге сәйкес, тамақ пен сусын әкелуге тыйым салынды. Волонтерлерге су берілді, ал тамақты тек кешкі сағат жетілер шамасында ғана ұсынды! Барлық уақыт бойы волонтерлер 35 градус ыстықта орындарында кезекшісіз, демалыс пен түскі үзіліссіз тұрды. Концерт біткен соң, түнгі 22:30-да кәмелетке толмаған балаларды стадионды жинауға қалдырды. Яғни, таңғы 11-ден түнгі 23-24-ке дейін волонтерлер 12 сағаттан артық үзіліссіз жұмыс істеді. Ал концерттің сыртқы периметрінде жұмыс істегендер мүлде концертті көрмеді", - деп жазады ашынған қала тұрғыны.


Белгілі болғандай, бұл жұмыс үшін оларға тек алғыс хат беруге уәде етілген.

"Сонымен қатар, ертерек кетуге немесе сұхбат беруге қатаң тыйым салынды, әйтпесе "қара тізімге" енгіземіз деп қорқытты. Айта кетейін, мұндай "үнсіз әрі тегін жұмыс күшін пайдалану" қаладағы барлық ірі іс-шарада тұрақты түрде болып тұрады. Балалардың құқығы бұзылып жатыр, ал ұйымдастырушылар персонал жалдауда айтарлықтай үнемдейді", - делінген Threads желісіндегі жазбада.