Ұлты ауған, бүгінде танымал жазушы Халед Хоссейнидің бірден бестселлерге айналған дебюттық «Жел соңынан қуғандар» романындағы балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың адам тағдырына алапат әсері туралы оқығанда дүние астаң-кестең болып кеткендей күй кешесің. Күлсе тек шынайы күлетін періштедей пәк жандарды кейбіреулер қалай ғана зәбірлейді екен?! Өкінішке қарай, балалардың ең бақытты шағының шырқын бұзып, санасына, жанына жазылмас жара салатын зорлық-зомбылық әрекеттері тыйылмай тұр.
Бас прокуратура келтірген дерекке сәйкес 5 жылда (2010-2014) тіркелген қылмыстар саны 3623-ті құрапты. Ал Ішкі істер министрлігі ювеналды полиция бөлімінің басшысы Әсет Оспановтың айтуынша, 2016 жылы 531 бала сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшыраса, 2017 жылдың тек сегіз айында осыған ұқсас 364 дерек тіркеліпті. Бір Маңғыстау облысындағы қатаң тәртіптегі колонияда 54 адам «педофилизм» бойынша жазасын өтеуде. Көңілге қаяу түсіретіні – зорлық-зомбылық әрекеттері соңғы уақытта мектеп жасындағы балалар арасында белең алуда. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы 7 жастағы баланың оқиғасы бүкіл елді шулатқаны есте. Төбе шашты тік тұрғызар осындай жағдайлардың белгілісінің өзі аз емес. Ал «шу шығармайық» деп жария етілмей жатқандары қаншама? Қорыққанынан, ұялғанынан ешкімге айта алмай, ішқұса боп жүргендер болса ше. Көп жағдайда зорлық көрген балалар болған сұмдық туралы ашық айтуға қорқатынын кезінде Жақып Асанов та айтқан-ды. Балалар арасындағы өзі-өзіне қол жұмсау деректерінің көбеюінің бір себебі осы болуы да мүмкін ғой. Не дегенмен де ойланарлықтай қорқынышты жағдай.
Әлемдік тәжірибеде педофолиямен күресте химиялық кастрация қолданылады. Бұл тәсіл үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан біздің елде де енгізілгені белгілі. Алғашқы кастрация қыркүйек айында Маңғыстау облысында жазасын өтеп жатқандардың біріне қолданылмақ. Еркектің сексуалдық белсенділігін уақытша тоқтататын тәсіл әлемнің көптеген елдерінде оң нәтиже берген. Германияда химиялық кастрациядан кейін қылмысты қайталағандар 3 пайызды ғана құраса, Ұлыбританияда аталмыш тәсілден соң педофилизм дерегі 50 пайызға төмендеген. Химиялық дәрінің денсаулыққа теріс әсері де жоқ емес. Ол адамның есте сақтау қабілетін төмендетіп, күйзеліске, әлсіздікке, инфарк, инсульт, қант диабетіне соқтырып, бүйрекке тас байлануы қаупін тудырады.
Химиялық кастрация мәселенің түпкілікті шешімі бола алмайды деушілер де табылуда. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ психиатрия, психотерапия және наркология кафедрасының профессоры Белгібай Шахметовтың айтуынша, науқастың физиологиялық емес, психологиялық жағдайына көңіл аудару маңызды. «Ондай адамды оқшаулаудың орнына, емдеу керек» дейтін маман науқасты емдеуде үлкен психологиялық әлеуметтік жұмыстың қажеттігін айтуда. Ал отандық жоғары оқу орындарында медициналық психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер даярланбайды екен. Сондықтан алдымен осы мәселеге маңыз берген орынды.
Ал әлеуметтенушы Гүлнара Исмуханованың айтуынша, педофилдердің басым көпшілігі психологиялық ауытқуы жоқ, орнықты адамдар. Мәселеге қатысты қайшы ойлар оның күрделілін, зерттеуді қажет ететінін білдірсе керек. Біздің қоғамда бұндай тақырыптарда әңгіме қозғала бермейді. Осындай жайсыз оқиға орын алса дабыра қылмауға тырысады. Ал содан мәселе шешілсе қані? Америкалық зерттеулердің қорытындысына сүйенген Гүлнара Исмуханова педофолия көрсеткіші қай кезде де шамамен бір деңгейде болған дегенді көлденең тартады. Көп айтылмағанымен кеңестік кезеңде де ондай деректер аз ұшыраспапты. Әлеуметтанушы зәбір көргендерді ашық болуға, мейлі ол туысқан адамы болса да кінәлі адамның атын атауға ұялмауға шақыруда.
Уайс Ерсайынұлы атты фейсбук қолданушысы мәселені талқыға салып, кейбір «отқа май» құюшы әлеуметтік желілерді бұғаттау керек деген пікірде. «Күлі мектептерде ата-аналардың қатысуымен ашық тәрбие сағаттарын өткізейік! Ашық тәрбие сағаттарында зорлық-зомбылық туралы ашық айтылсын! «Бала психологиясына зақым келеді» деген ескі советтік түсінікпен тыйым салынып тасталған тақырыптың бәрін ашық талқылайық. Отбасыларыңыздағы кәмілетке жеткен балаларыңызды бақылауға алыңыздар! Алайда осы шаралардың бәрінен әлдеқайда тиімді бір нәрсе бар. Ол – гомосексуализмді, балалар порнографиясын ашықтан-ашық насихаттап жатқан «ВКонтакте», «ДругВокруг» сайттарын Қазақстан аумағында шектеу» – дейді ол.
Қай-қай пікірдің де жаны бар. Өйткені мәселе күрделі. Айтпақшы күні кеше ғана Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева елде Балалар кодексі әзірленіп жатқанын хабарлады. Балалар құқығын қорғауда ең үздік әлемдік тәжірибелер, үздік дағдылар ескерілетін көрінеді. Не де болса, бастама қайырлы, нәтижелі болғай. Бізге бәрінен де бала күлкісі қымбат.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ