- Бүгін Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Индустрияландыру күні аясында өткізілген шараларға қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазмедиа» орталығында «Алтын сапа» ҚР Президенті сыйлығының лауреаттарын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауының және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Индустрияландыру күні барысында Премьер-Министр «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ең үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Ордабасы Құс» ЖШС-на ҚР Президентінің «Алтын сапа» арнайы сыйлығын табыстады.
Бақытжан Сағынтаев «Парыз» сыйлығының алтын мүсіншелерін мына аталымдар бойынша бірінші орын алған кәсіпорындар: «Үздік әлеуметтік жауапкершілікті кәсіпорын» - «BI GROUP» холдингіне, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымы бойынша «Өмірзақ-Сервис» ЖШС-не, «Үздік ұжымдық шарт» аталымы бойынша «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-не, «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша бірінші орын иегері «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-не табыстады.
Биыл «Парыз» республикалық байқауына қатысуға еліміздің барлық өңірлерінің 501 кәсіпорыны өтінім берген.
Марапаттау рәсімінің соңында Мемлекет басшысының қатысуымен 23 индустриялдық жоба ұсынылған Жалпыұлттық телекөпір өтті.
Ұлт порталы