19 қар, 2019 сағат 15:53

Бақыт Сұлтановтың «Nur Otan»-дағы қабылдауы: Азаматтар қандай мәселе көтерді

Бүгін ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов «Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауында бірқатар азаматты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алдымен «Хантер» ЖШС-нің коммерциялық директоры Нұрсейіт Шорабеков Қарағанды облысында көліктерге газ құятын стансасы бар екендігін, алайда қараша айынан бері әкімдік тарапынан әлеуметтік газды ала алмай отырғандығын айтып, министрге шағымданды.

«Жергілікті атқарушы органдарға хат жазып сұраған едік. Мардымды жауап ала алмадық. Бір айдан астам уақыт өтті. Жұмыс тоқтап тұр, жұмысшыларымыздың жалақысын бере алмай, шығынға да батып отырмыз», - деді ол.

Қоғамдық қабылдауға арнайы келген ҚР ЭМ Газ өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Қуаныш Сәрсекеев осы мәселеге түсініктеме беріп, бұл түйткілдің дәл бүгін толықтай шешілгендігін Қарағанды облысының әкімдігі әлеуметтік газ алатын компаниялар тізіміне «Хантер» ЖШС-ін қосқандығын айтты.

«Бұл мәселені »Nur Otan« партиясымен бірге бақылауға аламыз. Қарағанды облысының әкімдігінің тиісті қызметтеріне хабарласып, мәселені анықтаймыз. Мәселе шешілсе де бақылауға алатын боламыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Келесі министрдің алдына келген елордалық үшінші топтағы мүгедек Марат Бейсенбаев бірнеше жылдан бері аяқ киім тігетін шеберхана ашу үшін орын сұрағанымен тауы шағылып жүргендігін айтты.

«4-5 жылдан бері аяқ киім тігетін шеберхана ашу үшін орын сұрап жүрмін. Қала әкімінің орынбасарына, »Атамекенге«, Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барғаныммен нәтиже жоқ. Әне-міне деумен уақытым өтті», - деді Марат Бейсенбаев.

Осыған орай Бақыт Сұлтанов «1000 сауда орны» жобасының жетекшісі Секен Әділбековпен аталған мәселеге орай түсініктеме беруін сұраған еді. Жоба жетекшісінің айтуынша, Марат Бейсенбаевтың өтініші, құжаттары қаралып рәсімделгеннен кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына берілген. Енді мәселесі 22 қараша күні қаралып шешілмек.

«Марат Сәндібекұлы, жоба жетекшісі мәселенің шешілетіндігін айтып отыр. Бізде оны »Nur Otan« партиясы филиалымен бірге бақылауға аламыз және жұмаға дейін жауабын алып қаларсыз. Егер жұмаға жауабы болмаса маған хабарласып айтыңыз. Шешеміз. Жеке бақылауыма аламын», - деді Бақыт Сұлтанов.