Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов аймақтардағы тұрақтандыру қорларының жұмысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі былтырдан қарағанда салмақты болатынын еске салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аймақтардағы тұрақтандыру қорлары туралы айтар болсақ, жергілікті атқарушы органдар таусылуы мүмкін азық-түлік түрлері бойынша мәселені уақтылы шешуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар бұл ретте азық-түлік түрлеріне талдау жасауы керек. Қажеттілігі жоғын сатып алудың керегі жоқ. Ауыл шаруашылығы министрі айтқандай, кей кезде өндіріс пен сұраныстың ара-жігі ұзарып кетеді», - деді Бақыт Сұлтанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, былтыр қарақұмық тапшылығы туындап, кейбір өңірдің билігі нарықтағы бұл трендтер мен өзгерістерді байқамай қалған.
«Тұрақтандыру қорлары бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс жүргізуде. Бұл ретте оларда жауапкершілік бар. Былтыр тоғыз айдың қорытындысы бойынша алты өңірде бұл мәселені жеткілікті деңгейде бақылауға алмаған әкімдердің орынбасарлары жазаланған еді. Биыл жауапкершілік жүгі одан да салмақты», - деді ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш баспасөз мәслихатында Бақыт Сұлтанов коронавирус инфекциясына байланысты супермаркеттер мен базарларда туындаған дүрбелеңге байланысты қазақстандықтарды сабырға шақырған болатын.