Бокстан 2008 жылғы Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев 2004 жылғы Олимпиада жеңімпазы, қазір Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Бақтияр Артаевты бапкерлік сынаққа шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасындағы жанжалға байланысты Сәрсекбаев боксшы Ангелина Лукасты отандасы Назым Қызайбайға қарсы жекпе-жекке дайындауға келіскенін айтты.
"Лукастың халық алдында беделін түсіріп, мазақ етуге тырысып жатыр, өкінішті. Маратбек Мықтыбеков пен Бақтияр Артаев жағдайды түсінбестен мойнына тым көп жауапкершілік алды. Менің үндеуімді видеодан тыңдаңыздар", - деп жазды Сәрсекбаев Instagram желісіндегі парақшасында.
"Бізде әйелдер боксында әңгімемен жекпе-жек болып жатыр. Бақтияр Артаев, мен саған Назым Қызайбайды дайындауды ұсынамын, мен Ангелина Лукасты дайындаймын. Сонда жеңімпаз кім болатынын көреміз", - деді Сәрсекбаев.
Әйелдер құрамасындағы жанжал Лукас ұлттық құрамадағы жағдай нашар екенін айтып, Қазақстан Президенті мен Елбасыға жүгінгеннен кейін басталған. Спортшы құрамадағы әріптесі Қызайбайды допинг қолданды деп айыптаған болатын.
Сондай-ақ, оның айтуынша, Артаев оны Қазақстан құрамасынан заңсыз шығарған. Осыдан кейін "Лукас ісін" Мәдениет және спорт министрлігі өз қолына алған. Бұған дейін осыған ұқсас шағымды Қызайбайдың өзі айтқан болатын.
1660 рет оқылды