Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Олимпиададағы боксшылардың өнеріне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Токиода өткен Олимпиадада қазақстандық боксшылардың алтын медаль алмауына не кедергі болғаны туралы сұралды.
«Әр нәрсені өз атауымен айтатын уақыт келді ғой. Осы орайда сәтсіздік деген орынды болар, яғни өте төмен нәтиже. Еліміздегі 19 млн жанкүйер бар екенін ескерсек, көшедегі адамдар бокстың ахуалын талқылап жатыр. Сондықтан өте нашар көрсеткіш. Бұл жерде ешкім ешкімді ақтайын деп жатқан жоқ, өзімізді ақтаудан аулақпыз. Жігіттер қолынан келгенін бәрін істеді. Ашығын айту керек, біз әдеттегідей бас бапкерге сендік. Бұл тұрғыда осы сөзіммен бас бапкерге бүкіл жүкті ысыра салып, өзіміз судан тазамыз деп айтудан аулақпын. Бұл ретте жүйелі жұмыс жасалды, бүкіл жарыстарға барып, оқу-жаттығу жиындары өтті», - деді Б. Артаев.
Осы орайда Токида боксшылар екі қолаға қол жеткізгенін, алайда Рио Олимпиадасындағыдай нәтиже болмағанын еске салды.
«Мұндай көрсеткішке қол жеткізе алмағаннан кейін, қазір енді сараптама жұмыстарын жүргізу керек. Көп сұрақ туындады, үш бала өз орнына бара алмады деген уәж айтылды», - деді Бақтияр Артаев.