18 мау, 2021 сағат 10:46

БАҚ арасында футболдан Сейдахмет Бердіқұлды еске алуға арналған турнир өтеді


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауыменбұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай маусымның 27-сі күні Нұр-Сұлтан қаласында шағын футболдан білікті қаламгер, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлды еске алуға арналған республикалық турнир қайта жанданады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғаш рет байрағын 1994 жылы көтерген турнир барша БАҚ өкілдерінің тағатсыздана күтетін доп додасына айналды. Алайда, карантиндік шектеулерге байланысты дәстүрлі жарыс ұйымдастырылмай қалған болатын. 

Осы орайда Сейдахмет Бердіқұлдың рухын ардақтау және отандық БАҚ өкілдерінің басын қосып, өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі турнирді «BAQ liga» қоғамдық қорымен қайта жандандырып отыр. Турнир 27 маусымда БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Ғ. Балаева «Дене шынықтыру әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады және БАҚ қызметкерлері де ерекшелік емес. Аталған шарамен біз ақпарат саласының дамуына үлкен үлесін қосқан белгілі әріптестерімізге құрмет көрсетеміз. Сондай-ақ, ол өскелең ұрпақ үшін үлгі болады деп сенемін» - дей отырып, республикалық және өңірлік БАҚ-тарды турнирге белсенді қатысуға шақырады.

Айта кетейік, Сейдахмет Бердіқұл (1933-1994) – Алматы облысы, Жамбыл ауданындадағы Қаракастек қыстағында дүниеге келген. 1956 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1965-1970 жылдары «Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970-1986 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің редакторы, 1986-1994 жылдары «Жалын», «Балауса» баспаларының директоры болды, қазақ спорты жанрының негізін қалады. 1960 жылдан бастап әдеби-көркем шығармалар жазумен айналысқан. Орыс тілінде «Острый клинок» жинағы жарық көрді. Бірталай туындылары туысқан халықтар тілінде аударылды. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.

Шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұлдың алғашқы турнирі қаламгер дүниеден өткеннен кейін 1994 жылы ұйымдастырылды. Биыл 23-ші рет байрағын желбіретпек.

Турнирге қатысатын командалар бірнеше топқа (әрбірінде 4 командадан) бөлінеді. Әр топтан екі үздік команда келесі кезеңге шығады, әрі қарай плей-офф бәсекесіне ұласады.