10 шіл, 2025 сағат 12:03

Бағым Мұхитденова: «Димашқа жоғары нотада ән айтпа дедім» деген қате түсінік

Коллаж: Ozgeris.info

Музыкалық продюсер Бағым Мұхитденова Димаш Құдайбергенге қатысты бұған дейін айтқан пікіріне байланысты қоғамда қалыптасқан қате түсінікке нүкте қойды. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

«12 жыл өтсе де, бұл тақырып тыншымайды. Күлкім келеді. Сол кезде айтқан бүкіл ойымды емес, бір ғана сөйлемді жұлып алып, таратып жіберді. Сөйтіп, мен Димашқа "жоғары нотада айтпа" дегендей болып шықтым. Ал мен нақты сол әнде артық шыңғырудың қажеті жоқ екенін айтқанмын», – деді Мұхитденова.


Продюсер сол кезеңде Димаш орындаған әннің кәсіби деңгейіне емес, әннің сапасына қатысты пікір білдіргенін айтты.

«Ол ән орта деңгейде болды. Мен үшін ол ешқашан жоғары деңгейдегі хит болған емес. Өз пікірімнен бас тартпаймын. Маған "кешірім сұра" дейтіндер көп. Неге кешірім сұрауым керек екенін өзім де түсінбеймін», – деді ол.


Бағым Мұхитденова «Песни» жобасы туралы да пікір білдіріп, бұл байқауда орындаушы емес, ән бағаланатынын атап өтті.

«Димаш айтқан әнде артық нәрселер қолданылған. Меніңше, оның таңдап алған әні – талғамсыз. Бірақ бұл оның дарынына күмән келтіреді деген сөз емес», – деді ол.


Сөз соңында продюсер Димаш Құдайбергеннің талантына жоғары баға беріп, оның әлемдік деңгейдегі жұлдыз екенін айтты:

«Бұл талқылауға да жатпайды. Егер ол кезде таңдаған әні сапалы болғанда, нағыз хитке айналар еді. Бірақ олай болмады. Сондықтан мен өз пікірімді дұрыс деп санаймын», – деп түйіндеді ол.