01 қыр, 2016 сағат 18:45

Бағдарламаның арқасында баспаналы болды

Бүгінде баспана – басты мәселе. Үйі жоқтың күйі болмайтынын баба­ларымыз атам заманда айтып кеткен. Дағдарыс екі өкпеден қысқан мына кезеңде баспана түгілі бас қайғы уақыт келіп тұр. Енді не істемек керек? Халқының қамсыз тірлігі үшін мемлекет мұндайда бел шешіп іске кірісті.

Елдің еңсесін тіктеп, дағдарыстың дауылына, замананың жауынына ұрынбас үшін нақты бағдарламалар қабылдап, жұртшылықтың жайлы өміріне жол ашып жатыр. Солайша, өмір соқпағы енді басталған жас отбасылар мен жас мамандар үйлі болып, жағдайын дұрыстап отыр. Бұл ретте облыстық әкімдіктер де екі қолын жайып, құр қарап отырған жоқ. Мысалы, Қызылорда облысының әкімдігі жыл басында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-пен бірлесіп аймақта «Өз үйім» жобасын қолға алды. Аталмыш банктің игілікті бастамасын бірінші болып қолдаған Сыр өңірі екенін осы арада айта кеткен абзал.

Бұл қандай бағдарлама еді? Аты айтып тұрғандай банк қолжетімді, ағайынның қалтасына артық салмақ салмайтын тұрғын үйлер сала бастайды. Ал жаңа бағдарлама бойынша ең алғашқы үй Қызылорда қаласында басталды. Аталған жоба аясында Қызылорда қаласында 40 мың шаршы метрді құрайтын 12 көпқабатты тұрғын үй салынатын болды. Жаңа бағдарламаны бірлесіп жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов меморандумға қол қойды. Осы келісім негізінде жыл басында қаладағы «Сырдария» шағын ауданынан 100 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үйдің алғашқы іргетасы қаланды. Ал қалған 500 пәтерді құ­райтын 10 көпқабатты тұрғын үй жаңадан бой көтеретін «Арай-3» шағын ауданында салынады. Бұл – бір жыл ішінде «Өз үйім» бағдарламасы арқылы 600 қызылордалық баспаналы болады деген сөз.

Келісім жасалған кезде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев «Жаңа бағдарлама біздің өңірден бастау алып отыр. Сондықтан Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің басшылығына алғыс айтқым келеді. Өткен жылы облыс орталығында тұрғын үй құрылысы 8 есеге артты. Биыл да бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Атқарылған жұ­мыстардың нәтижесін халық көріп отыр. Тек қана 2015 жылдың өзінде біз осы салаға 22 миллиард теңге инвестиция тарттық. Биыл да бұл көрсеткіш кем болмайды»,– деген еді. Ал Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі арқылы баспана салу көр­сеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 3 аймақтың ішінде.

«Өз үйім» бағдарламасын осы аймақтан бастауымыздың да себебі бар. Жергілікті басшылар құрылыс жүргізу үшін қажетті ин­фра­құры­лымды дайындап, барлық жағ­дайды жасап отыр. Сонымен қатар, үйлер­дің сапасын да ұдайы бақылауда ұс­тайтын боламыз», – деген еді Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкінің басшысы Айбатыр Жұ­мағұлов.

Сонымен, келісім соңы қалай бол­ды? Алты айдың ішінде бірі 40 пәтерден, екіншісі 60 пәтерден тұратын екі тұрғын үй салынды. Қысқа мерзімнің ішінде салын­са да, баспананың сапасына мін арту қиын. Конституция күні мере­кесі қарсаңында ел игілігіне пай­далануға берілді. Осылайша, мерейлі мейрам аясында 100 қызыл­ордалық азамат баспаналы болды. Жаңа қонысқа кіріп, қос тойы қабат келіп жатқан ағайынның қуанышына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов та ортақтасты. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген қазақ тәмсіліне салсақ, осылайша бүгінгі шаттыққа толы күннің бағасы еселене түскенін баспаналы болған адамдардың жүзінен анық байқауға болады.

– Ең алдымен, баршаңызды елі­міздің Негізгі заңы – Кон­с­­титуция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болып, өзінің Ата Заңын қабылдап, азамат­тарының құқықтары мен талап­тарының сақталуына жол бас­тап, халқының қамсыз тіршілігін қам­тамасыз етіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз жылдан-жылға өсіп, өркендеп келеді. Бүгінгі сіздердің қуаныштарыңыз да осы тәуелсіздіктің жемісі дер едім. Соңғы жылдар­ы Қызылорда облысы қарқынды құрылыс алаңына айналды. Нақты дәлел ретінде аймақ­тағы құрылыс қарқыны 3,5 есеге, қалада 8 есеге көбейгенін айтсақ болатындай. Дәл қазірдің өзінде 90 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мынадай дағдарыс заманында құрылыстың қарқынын құлатпай ұстап тұрудың өзіне үлкен күш керек. Ал Қызылорда облысы сол қарқынды өсіріп отыр. Осы ретте, қала халқына үлкен қуаныш сыйлап отырған «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-пен біздің құрылысшыларға ризашылығымды білдіргім келеді,– деді Қырымбек Елеуұлы.

Салтанатты шараға арнайы Алма­тыдан келген «Қазақстанның тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төр­ағасы Айбатыр Жұмағұлов та тұрғындарға тілектестігін білдірді.

«Өз үйім» бағдарламасының алғашқы іргетасы Қызылорда облысында қаланды. Біздің ұсынысымызға бірден қолдау білдіріп, ойымызды іске асыруға көмектескен Қырым­бек Елеуұлына, облыс және қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Осы жоба басталғанда бұған күмәнмен қараған адамдар аз болмады. Деген­мен, азғантай ғана уақытта екі үй салынып, бүгін қоныстануға беріліп отыр. Қызылорда облысының тағы бір ерекшелігін айтқым келеді. Ол – әкімдік пен құрылыс ком­панияларының арасындағы өз­ара сенім. Әкімдік тарапынан құры­лысшыларға жан-жақты қолдау жасалып келеді екен. Сол себепті аймақта бірлесіп жұмыс істеудің жақсы тәжірибесі қалыптасқан. Оған бүгін біз де куә болып отырмыз. Аймақ құрылыс көлемі бойынша республикада алғашқылардың қатарында келеді. Бұл өзге өңірлерге үлгі болатын үрдіс деп ойлаймын. Жыл аяғына таман «Өз үйім» бағ­дарламасы бойынша тағы бір­неше үй пайдалануға беріледі. Келер жылы да бұл іс өз жалғасын табады, бірлескен жұмысымыз жалғаса бе­реді деген ойдамын. Жаңа қоныс ие­лерін құттықтаймын. Үйлеріңіз бақыттың мекені болсын»,– деді ол.

«Өмірің абат, қос тойың қабат болсын» деген ғой. Ата Заң мерекесі тұсында баспана кілтін қолына алып, қуаныштары қойнына сыймай тұрған азаматтармен сөйлестік. Барлығы да мемлекет жүргізіп отырған саясатқа, аймақ басшысының іскерлігіне алғысын айтып жатыр. Солардың бірі «Алтын дән» мекемесінің қызметкері Айша Әбдіразақова ағынан жарылды. «Осыдан біршама жыл бұрын салынып жатқан жаңа үйлерге қызыға қарап, солардан баспана алуды армандап жүруші едік. Ондай күн қашан болады, қолымыз жетер ме екен деп іштей уайымдайтынбыз. Қазір, құдайға шүкір, кезекте тұрғандардың қаншамасы үйлі болды. Жас отбасылар да, мемлекеттік қызметкерлер де, көп­балалы аналар да, барлығы қоныс тойын тойлатып жатыр. Таныс­тарымыздан, туыстарымыздан «үй алыпты» деген қуанышты хабарды жиі естиміз. Өзім де солар секілді әсем үйден пәтер алып отырмын. Қырымбек Елеуұлының қолынан кілт алу мәртебесіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Мұның барлығы – дәулеті мен сәулеті сай келген ай­мағымыздың болашағы зор екендігін көрсетеді деп ойлаймын. «Мәңгілік Ел» идеясымен өркениетке қадам басқан Қазақстанның әрбір азаматы жаңа үйдің иесі болуға лайық деп санаймын», – деді ол.

«Өз үйім» бағдарламасы ұстаз­дарға да оңтайлы болып тұр. Оқу­шыға әліпті әріп деп танытып, саналы ғұмырын ағартушылыққа арнаған адамдардың көп жағдайда материалдық тұрғыдан маңдайы шылқымайтыны белгілі. Бір ғана айлыққа қарап, сонымен күнелтіп жүрген қауым да «Өз үйім» арқылы баспаналы болып жатыр. Солардың бірі – №106 мектептің мұғалімі Бал­жан Қосбергенова.

– Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 4 жылдан бері салымшысымын. Уақыт дегеннің қалайша тез өткенін аңғармай да қалдық. Қажетті соманың 50 пайызын жинасаңыз жетіп жатыр. Өте сенімді, тиімді бағдарлама екендігіне анық көзім жетті. Бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алар емеспін. Осын­дай мереке күні жаңа бас­пана алуы­мызға жағдай жасап, қам­қорлық танытып отырған ел азаматтарына айтар алғысымыз шексіз. Қазақ елі бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, әлем мойындар мемлекетке айналды. Қызылорда облысы да күн санап көркейіп, өсіп-өркендеп келеді. Қазір қаланың төрт бұрышын айналып шықсаңыз, өз көзіңізге өзіңіз сенбейтіндей өзгер­ген. Қаншама тұрғын үйлер салынып, жаңа аудандар бой көтеруде. Мектеп, балабақшалар пайдалануға беріліп, іші баланың күлкісіне толуда. Аймағымызда үш ауысымда оқитын мектеп қалған жоқ. Ал апатты мектептер бірер жылда то­лық жойылады. Баспаналы болуы­ма жағдай жасап, арманымыздың орындалуына ықпал еткен барлық азаматтарға шын ниетіммен алғыс айтқым келеді,– деді.

Ақын Сабыр Адай «Әр қазақ менің жалғызым» дейді. Олай болса, әрбір қазақ өз бауырына, отандасына көмектесуге, қол ұшын созуға, қуанышына ортақтасып, қайғысын бөлісіп, тарыққанда маңдайынан сипап, торыққанда көңілін демеуге тиіс деген түйінге табан тірейміз. «Әрбір қазақстандық баспаналы болуы керек. Еліміздің әр тұрғыны өз үйінде тұрып, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне атсалысуға тиіс. Мемлекетіміз оған бар жағдайды жасап отыр. Азаматтарының алаңсыз өмір сүруіне барынша қолқабыс етуде. Ал әрбір отбасының ел қатарлы өз үйі болса, ол – бақыт. Міне, бүгін қаншама отбасы осы бақытты сезінуде. Жасыратыны жоқ, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың Сыр еліне келуімен бірге облыстың тіршілік тамырына қан жүгіре бастады. Экономикамыздың қай са­ласында болсын жан жадыра­тар жаңалықтар бар. Өзгеге мақта­нары­мыз көбейді. Жуырда ғана жер алу кезегінде тұрған мыңдаған азаматқа жер берілді. Бір күнде осынша жанға қуаныш сыйлайтын ауқымды жұмыс кез келген облыс­та болып жатыр деп айта алмаймын. Сондай-ақ, тұрғын үй салу жөнінен де аймақт­ар арасында көштің басында екендігінен хабардармыз. Оның жарқын дәлелі – бүгін 100 отбасыға пәтер кілтінің табыс­талуы десем қателеспеймін», – деді «Қазына» серіктестігінің қызметкері Гүлжан Сексембаева.

Бұл бір бақытқа толы, шаттыққа шомылған шақ болды. Ең бастысы, бір күнде 100 отбасының арманы орындалды. Ал арман тек тұрақты дамуы бар, азаматтарына қамқорлығын аямайтын, экономикасы өскен, әлеуметтік жағдайы өнген елде ғана ақиқатқа айналады.

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан»