28 шіл, 2021 сағат 13:20

"Бабына келе алмады". Бас бапкер Левит пен Нұрдәулетовтің жеңілісіне қатысты пікір білдірді


Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Токиода Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында команда көшбасшыларының жеңіліуіне қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Еске салсақ, бүгінде бесінші боксшымыз Токио Олимпиадасымен қош айтысты. Абылайхан Жүсіпов, Василий Левит, Серік Теміржанов, Бекзад Нұрдәулетов пен Надежда Рябец 1/8 финалда жеңілген болатын.

"Бекзад төрешілер есептеген соққыларды өткізіп алды. Жекпе-жек әрине ауыр болды. Бірінші раундта есе жіберді, екіншісінде жеңді, үшіншісі тең өтті. Біздің боксшы бірінші нөмірмен жұмыс істеді, бірақ, қабағы жарылды, кездесуді тоқтатып отырды, жалпы бұл айқас осылай болды... Ресейлік боксшы - Бекзадтың ең мықты қарсыластарының бірі. Мұнда әрине осалдары болмайды. Осы жекпе-жек үшін қатты алаңдадым", - деді Кенжебаев. 

Бас бапкер Василий Левиттің нокаутпен жеңілуі туралы да пікір білдірді. "Болғаны болды. Соққыны өткізіп алды. Иорданиядағы турнирден кейін бабына келе алмады. Физикалық та, психологиялық та қиындықтары болды, осы әсер еткен шығар", - деді ол.  

Кенжебаевтың айтуынша, Абылайхан Жүсіпов пен америкалық боксшының жекпе-жегі өте жақын өтті. "Бұл Олимпиада. Жігіттер бәрін түсінеді, өзіңнен асып түсіп, алға ұмтылып, жұмыс істеу керегін айтамыз. Тырысып жатыр, кей тұста соққылар жіберіп алады", - деді бапкер. 

Ал Серік Теміржановтың жекпе-жегіне қатысты боксшы "қолынан келгеннің бәрін істегенін" айтты. "Серік әзірше осындай боксшылармен бәсекелесе алатын деңгейде емес. Бұл салмақ бізде шамалы... 57 келі. Ол кейінгі жылы Қазақстан чемпионы болған, бірақ бұл - біздегі ең қиын салмақ", - деді Кенжебаев.