02 мау, 2017 сағат 10:55

Азық-түлік бағасының қымбаттауы ЭКСПО-мен байланысты емес - әкімдік

Бағаның шарықтауы мезгілге орай бірқатар азық-түлік тауарлары қорының азаюына қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы қалалық ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап.

Басқарма мамандарының күн сайын азық-түліктің негізгі түрлеріне мониторинг жүргізуі барысында мамырда сарымсақ бағасы (41,9%) қымбаттағанын, ал қырыққабат (19,8%), сәбіз бағасы (18,2%) өскені байқалған.

Көтерме өнім ұсынушылардың мәліметінше, мезгілге байланысты бұл тауарлар қорының азаюымен байланысты болып отыр.

Жетіспеушіліктің салдарынан Ақмола облысынан әкелінетін картоптың сату құны 92%-ға өскен, пияз (ОҚО) 80%, сәбіз (Павлодар, Қырғызстан) 57%, қырыққабат (Ақмола облысы) 69% көтерілген.

Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік бағасының негізсіз өсуін болдырмау бағытында іс-шаралар жүргізуде.

-Егер баға өскені туралы ақпарат болса, бірден Астана қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментіне жіберіледі. Жыл басынан бері 5 мәлімет жіберілген. 19 наурыздан апта сайын 20 жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда 31 тонна өнім саудаланды. 6 рет аймақтық жәрмеңке өткізілді (Жамбыл, ОҚО, БҚО, Атырау), шарада 754 тонна өнім сатылды, - деп хабарлайды Астана қаласының ауыл шаруашылық басқармасы.

Бұдан бөлек, Астанада сауда тауарларының тұрақтандыру қорын құру бойынша шаралар жүргізілуде. Оған бағасы қымбаттау қаупі бар тауарлар сатып алынады. Мәселе үнемі қатаң бақылауда.