05 мам, 2020 сағат 10:14

Азық-түлік бағасы бір жылда қалай өзгерді?

Қазақстанда азық-түлік бағасы бір жылда (2019 жылғы сәуір - 2020 жылғы сәуір аралығы) 10,4% қымбаттады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, елде нан өнімдері және жармалар, ет, балық және теңіз өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, май және тоңмай, кондитерлік өнімдер, жаңа жиналған көкөністер мен жемістер, алкогольсіз сусындар және алкогольді ішімдіктер қымбаттады. Ал қант керісінше, арзандай түскен. 

Статистика комитеті 2019 жылғы сәуір мен 2020 жылғы сәуір айы аралығындаазық-түлік бағасы қалай өзгергенін мәлім етті. 

Атап айтқанда, бірінші сұрыпты нан былтырғы сәуірде 137 теңге тұрса, биыл 150 теңгеге дейін көтерілген. Ең қымбат баға – 178 теңге Атырау қаласында тіркелді. 

Сиыр еті 2019 жылғы сәуірдегі 1575 теңгеден 1882 теңгеге дейін қымбаттады. Ең қымбат баға – 2169 теңге Алматы қаласында болды. 

Сүйегі бар қой етіне баға 1502 теңгеден 1814 теңгеге дейін өсті. Қымбат баға (2451 теңге) Нұр-Сұлтан қаласында анықталды. 

Тауық етіне баға 753 теңгеден 847 теңгеге дейін артты. Нұр-Сұлтан қаласында болды 979 теңгеге (ең қымбаты) сатылуда. 

Тұздалмаған сары май құны 2185 теңгеден 2515 теңгеге дейін өсті. Ең қымбат май (4015 теңге) Ақтау қаласының дүкендерінде. 

Сұйық май (1 литрі үшін) бір жылда аса қымбаттай қоймаған. Былтыр – 433, биыл 434 теңге тұрады. Ең қымбат бағаны (484 теңге) Ақтау қаласында кездестіруге болады. 

Жұмыртқа (10 данасы) бағасы 265 теңгеден 298 теңгеге көтерілген. Ең қымбат баға (364 теңге) Алматы қаласында тіркелді. 

Картоп былтыр 87 теңге тұрса, биылғы сәуірде 124 теңгеге көтерілген. Қымбат баға Алматы қаласында – 169 теңге. 

Қырыққабат былтырғы сәуірде 200 теңге тұрса, биыл 124 теңгеге арзандаған. 150 теңгеге (ең қымбат) Ақтау дүкендерінде сатылып жатыр. 

Пияз бағасы 99 теңгеден 104 теңгеге өскен. Ең қымбат баға Нұр-Сұлтан қаласында – 145 теңге. 

Сәбіз бір жылда 7 теңгеге қымбаттап, 115 теңге болды. Ең жоғары баға Ақтау қаласында тіркелді – 157 теңге. 

Алма құны 364 теңгеден 474 теңгеге артты. Қарағанды саудагерлері бір келі алма үшін 655 теңге сұрайды. Бұл - еліміздегі ең қымбат баға. 

«2020 жылғы сәуірде жарма өнімдері тобында қарақұмық жармасына орташа баға келісіне 349 теңгені (2019 жылғы сәуірде – 243 теңге), сұлы жармасына – 357 теңгені (334 теңге), сөкке – 372 теңгені (285 теңге), күрішке 373 теңгені (333 теңге) құрады.

Қанттың орташа бағасы биылғы сәуірде келісіне 213 теңгені, 2019 жылғы сәуірде 243 теңгені құрады. Сүт өнімдерінен сүзбеге орташа баға келісіне 1637 теңгені (2019 жылғы сәуірде – 1562 теңге), қаймаққа – 1136 теңгені (1050 теңге), айранға – 305 теңгені (285 теңге), пастерленген сүтке 260 теңгені (240 теңге) құрады», - делінген ақпаратта.