Фото: russian.xinhuanet.com
Туризм және спорт министрлігі алдағы жазғы Азия ойындарында жүлде алған қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілетін ақшалай ынталандыру мөлшерін жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Азия ойындарының чемпионы атанған спортшыға 10 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Ал, алтын медаль иегерін жарысқа дайындаған жаттықтырушыға 5000 АҚШ доллары қарастырылып отыр.
Құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері 5000 АҚШ доллары, ал жаттықтырушысы 3000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ қола медаль еншілеген құрама спортшысына 3000 АҚШ доллары, ал оның жаттықтырушысына 2000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген" - делінген хабарламада.
Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Өз тарихында 29-шы мәрте жалауын көтеретін Азия ойындарында 40-тан астам спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады. Құрлық біріншілігіне 45 мемлекет қатысады деп жоспарланып отыр.
«Азия ойындарына қатысатын ұлттық құрама жасақталып, еліміздің әр өңірінде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Спортшыларымыз жақын күндері Қытайға аттанады», - дейді ҚР Туризм және спорт министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.