видео кадры
Азия ойындарында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшының шағымынан кейін арнайы комиссия құрылатын болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Азия ойындарынан кейін арнайы комиссия құрылады. Ол спортшылардың түрлі жарыстарда өнер көрсетуі үшін спорттық форма дайындау мәселелерін зерттейді", - деп мәлімдеді Спортты дамыту дирекциясы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, спорт киімі реестрге кіретін және индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық тауар өндірушілерден сатып алынуға тиіс.
"Спорттық форма осы сертификаты бар өндірушілерден сатып алынды. Айта кетері, индустриялық сертификаты мен СТ-KZ сертификаты бар отандық өндірушілер саны аз. "КазСпо-N компаниясы "Zibroo" ЖШС, ЖК 79-шы КВАРТАЛ және "ТОРИ КОМПАНИ" ЖШС-мен шарт жасалды. Жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды", - деп атап өтті дирекциядағылар.
"Мысалы, Zibroo компаниясы Олимпиада және Азия ойындарына қатысатын спортшылар үшін спорттық киім тігіп, өзін адал жеткізуші ретінде көрсетті. Спорттық форманың дизайны әлемдік аренада бірнеше рет ең жақсылардың бірі деп танылды. Сондай-ақ, жеткізуші компаниялар қажет болған жағдайда форманы ауыстырып беруге дайын", деп толықтырды Спортты дамыту дирекциясы.
Дирекция бұған дейін форманың дизайны мен сапасы федерация өкілдерімен келісілгенін және спортшылар тарапынан шағым түспегенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Азия ойындарында өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшы ұлттық құрама киімінің сапасына шағымданып, видео жариялаған болатын. Оның айтуынша, екі рет киілген аяқ киімнің өкшесі түсіп қалған, ал жейде жыртылған.