Азия қаламгерлеріне ортақ әдеби журнал ашу қажет. Елордада өтіп жатқан Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумында Тәжікстанның халық ақыны Гулназар Келдиев осындай ұсыныс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кеңес одағы заманында Африка мен Азия жазушыларының ынтымақтастық комитеті болған еді. Сол кезде біз жиналып, сөз бостандығы, тәуелсіздік, халықтардың сана-сезімі жайында айтып, жеңіске жеттік. Көптеген мемлекет тәуелсіздігін алды. Бұл бүіл әлемдегі ұлы қозғалыс болатын. Бірақ КСРО күйрегеннен кейін бізде мұндай басымызды біріктіретін орган болмады. Осы орайда біздің қазақ бауырларымыз бұл бағытта ілгері жылжып, қуантып отыр. Жаһандану жағдайында бұл өте маңызды», - деді тәжік ақыны ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол форумның ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азия мемлекеттерінің мұндай форумын тұрақты өткізіп тұру және «Азия алыбы» сыйлығын тағайындау ұсыныстарына қолдау білдірді.
«Осыған байланысты біздің ортақ журналымызды шығару қажет. Онда шығармаларымызды бәрімізге қолжетімді тілде жариялап отырған жөн. Мәселен, ағылшын, орыс және араб тілдерін таңдауға болады. Бұл біздің жас авторларымыздың танымалдығын арттыруға септігін тигізер еді. Біріктіруші қозғалыс бүгінгі сын-тегеуіріндер мен проблемаларды, оның ішінде әлемде орын алып жатқан зұлымдықтар мен қантөгістерді шешу үшін де қажет. Өйткені, мұнай терең әрі өткір проблемаларды шешуге рухани даму ғана өз септігін тигізе алады», - деді Гүлназар Келдиев.