Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев Әзербайжан халқын екі миллиардыншы тонна мұнайдың өндірілгенімен құтықтады, деп жазады Тренд.
Бакуде елде екі миллиард тонна мұнай өндірілуіне арналған салтанатты рәсім өтті. Гейдар Әлиев орталығында болған шараға Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, SOCAR және ВР өкілдері, мұнай өнеркәсібінің қызметкерлері қатысты.
Әзербайжан президенті елде алғаш рет 1846 жылдан бастап мұнай өндіріле бастағанын айтып, әзербайжан халқын мұнайдың екі миллиардыншы тоннасының өндірілуімен құттықтады. «Әзербайжан «қара алтынды» адам капиталына айналдыра білді. Біз мұнайдан алған табысымызды тиімді пайдаланып келдік, мұны бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық та мойындап отыр. Көптеген елдерде бай мұнай кен орындары бола тұра, халқы кедейшілікте өмір сүруде. Ал Әзербайжанда мұнай - халықты берекеге кенелтіп, дамудың, тұрақтылықтың, қуаттың қайнар көзіне айналып отыр. Бүгінде мұнай-газ саласы Әзербайжанның егемен ел болуында, елдің экономикалық әлеуетін қалыптастыруда зор маңызға ие, мұны барша жұрт білуі тиіс», - деді Әлиев.
Әзербайжан президентінің сөзіне қарағанда, елдегі анықталған мұнай қоры 1,5 миллиард тоннаға жетеді, тағы да екі миллиард тоннаға жуық мұнай бар деп болжам жасалған.
«Әзербайжандағы табиғи газ қоры жайлы айтар болсақ, 2,6 триллион текше метр көлемінде табиғи газ қоры анықталған, тағы үш-төрт триллион текше метр газға болжам жасалып отыр. «Азери-Чыраг-Гюнешли» кен орны кем дегенде 2050 жылға дейін жұмысын жалғастырады. «Шах Дениз» кен орны кем дегенде 100 жылға дейін қызмет етеді», - деді Әлиев.