22 қаң, 2025 сағат 18:07

Әзербайжан Президенті Зелинскиймен кездесті

Фото: president.az

Бүгін, 22 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті, деп хабарлайды Ult.kz. Бұл туралы Әзербайжан Президентінің баспасөз қызметі мәлімдеген.

Әлиевтің баспасөзі хабарлауынша, кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық саладағы байланыстар, энергетика саласындағы ынтымақтастық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланған.

Ақпаратқа сүйенсек, кездесу Украина тарапының бастамасымен өткен.

«22 қаңтарда Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Давоста қарсы тараптың бастамасымен Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Әңгіме барысында Әзербайжан мен Украина арасындағы саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы байланыстар, энергетика саласындағы ынтымақтастық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері талқыланды», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форумда Зеленский Ресеймен қарулы қақтығыста Украинаның стратегиясы дипломатиялық шешімге ұмтылу екенін атап өтті. Ол Украина үшін сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін қамтамасыз ету қажеттігін айтқан. Зеленскийдің айтуынша, «күшті дипломатия» қақтығысты шешуге және Еуропада ұзақ мерзімді бейбітшілікке негіз бола алады.