Сұлулықтың нақты бір өлшемі жоқ секілді, поэзияның да қалыпқа салынған анықтамасы жоқ. Әр ақынның әлемді қабылдауы әм ой қорытуы өзінше бөлек. Оған қарап «өлең мұндай болуы» керек деп белгілі бір формула нұсқаудың қажеті шамалы. Ең бастысы, өзін өлеңнен іздеп келген жастың асқақ армандарына көлеңке түспеуі керек. Өйткені, бүгінгі бағытсыз «бәсекенің» ақыр соңында асыл өнерге деген ең ұлы маххаббат жеңіп шығары талассыз!..
Қызық, ақындығы алты өлеңмен бағаланған он жетідегі ессіз сезім отыз жетіге келген кезде жоққа айналса қайтпексіз?! Егер Тәңір талайыңды сөзге байласа, халыққа керек тәтті өлеңді де таңдайыңа салып береді. Ал, өлеңмен өмір ұйқаспаса әңгіме басқа.
Азамат асылзат өнердің шын бағасын сезе алады, сезіне алады. Сол үшін де ұлы сапардың жолаушысы болуға анық бекінген. Жалғыздар сапарында олжалы боп ойға шыға ма, теңге іліп төрге оза ма, алтын алып айға шаба ма – ол Уақыт деген талғамды төрешінің еншісінде!.. Сәтті болғай!
Шерхан Талап
***
Не айтайын, не дейін тағдырға мен?
жалғыздықты дәл бұлай ән қылмап ем.
Елесіңді іздеймін ескі бақтан,
Жанарымда іркіліп жаңбырлы әлем...
Мен білдім бе өмірдің кереғарын,
Бұрынғыдай болмайды неге, жаным?
Бәрін, бәрін шегерші кейін қарай,
Өзгертуге өмірді келе ме әлің?
Сол өмірге дұрыс па көне салу?
(Гүлге саусақ созады неге сәуір?)
...Өмір деген - біреуге өлу ғана,
Өмір деген - біреуді көме салу.
Амал таппай, құрыдым тағдырға мен.
Сор, мұңымды дәл бұлай ән қылмап ем.
Көше бойлап тағы да қаңғып жүрмін,
Қайда кетті, біз кешкен сол бір дәурен?
Қайда әкетіп барады дүрмек мынау?
Дүрмек мына бізсіз де гүлдеп тұр-ау.
...Арыла алмай жүргенде күз мұңынан
Көктем келіп қалғанын білмеппін-ау...
Қандай жақсы...
Күрсініспен көп өткен түндерді аяп,
өкінішпен көп өткен күндерді аяп,
Сағынышпен сарғайып сурет салам,
Жалғыздықтың жанарын мұңмен бояп.
Сылтау етіп қайтесің ел сыбырын.
Өзгеге емес өзіме сенші, күнім!
Сүю деген - кім білген, сүйгеніңнің
Білмеу шығар, білсең де кемшілігін!..
Айтар әнін ұмытып мол бағымыз.
Көктем болған бір кезде жолдағы күз...
Бәрі "ақылды" боп кеткен бұ ғасырда,
Қандай жақсы ақымақ болғанымыз.
Жаным!
Сенсің жаным...
Мұңаясың жанарыңды моншақ қып,
бір өзіңде мен іздеген мың шаттық.
Өкіндірген өкініштер өткінші,
қуаныштың барлығы да бір сәттік!
Сен аңсасаң бөтен самал, басқа леп,
соның бәрі тіреледі жасқа кеп.
Саған жазған жырларымды басқа қыз
армандайды маған арнап жазса деп.
Махаббатты жоқ десе де бар әлем
ал мен сені бақытыма балап ем.
Тағдырымның тәттілігін сездірген
Сенсің, жаным, содан кейін қара өлең!
Жалықсам да мына жарық бес күннен,
сенен, күнім, жалықпайм деп шештім мен.
Саған ешкім жетпейтіні белгілі
мені жаным, салыстырма ешкіммен!
Мұңаясың жанарыңды моншақ қып,
бір өзіңде мен іздеген мың шаттық.
Өкіндірген өкініштер өткінші
қуаныштың барлығы да бір сәттік.
***
Жабығып жүрмін, жалығып жүрмін бәрінен,
Жаралы болған жалғыздығымның жарығы ең...
Мұнарлы мұңмен, манаурап көктен жыл құсын,
Қарсы алдым жалғыз тағы мен.
Сағындым сені, сағындым сені, сен күнім!
Жылуын қимас жалған да мені жеңді мұң.
Балқадишасы бұйырмай кеткен кешегі,
Ақан серідей шерлімін!
Сүйдірдің, сүйдім, ұнаттың мен де ұнағам,
Жырақ та қалған жүрегім енді жүр аман.
...Жалғанда мүмкін сағынып, аңсап жүретін
Керек те шығар бір адам.
***
Өткен күндер оралмайды - өлген күн.
Мен сен үшін бәріне де көнгенмін.
Сені күнім, жамандыққа қия алмай
Қайта айналып келеді деп сенгенмін.
Сенген едім...
Өтті бәрі.
Сәт қалған...
Не бар сенде сол кездегі шақтардан?!
Көзімдегі кермек мұңға ұласты
Өзімдегі өзім білген тәтті арман!
Менсіз сезіп қоңыр күздің салқынын,
Мұңайдың ба, күрсіндің бе, жарқыным?!
Жалғызсырап жүрсің-ау, сен жырақта
Өзіңді ойлап мен де жаным, жалқымын.
Мен де сендей сезімімнен жеңілгем
Мен де сендей сүйіп тұрып жерінгем!
Білу үшін кімнің қандай екенін
Қандай ғажап ақымақ боп көрінген.
Гүлдей болып құшағыңды жайғанша
Өкініш қой ол өзге деп ойланса!
Өкініш қой ең аяулы адамың
Жек көретін адамыңа айналса!
Әлсіздік
Жаным-ау, сен өзгенің бағымысың?
Бір сынақтың біздерге болуы шын.
Кінәңнің, айыбыңның бәрін кешкем,
Сен менің өмірімде қалу үшін.
Аңсармын, сағынармын, жалығармын,
Өмірі осындай-ау соры бардың.
Дәл сендей жақынымнан алданған соң,
Ешкімге шын сенбейтін болып алдым.
Ақын ем ширатылған шерден мұңы,
Ақынның ардан кетсе өлгендігі!
Мендегі пенделікті сағынарсың,
Сол жанның жамандығын көрген күні.
Бір сәтте жат болды ма мына қалпым?
Осылай екеумізді сынады әр күн.
Басқаңа айырбастап кеткендігің
Ол сенің әлсіздігің шығар бәлкім..
Ұлт порталы