12 нау, 2020 сағат 08:30

Айырбастау пунктерінде доллардың сату курсы алғаш рет 400 теңгеден асты

12 наурызда Алматыдағы айырбастау пунктерінде бір доллар 400,5 теңгеден сатыла бастады. Бұл - Қазақстанның валюта нарығындағы жаңа рекорд. Бұған дейін доллар бағамы 400 теңгеден аспаған. Нұр-Сұлтанда бір доллар 398-399 теңгемен сатылып жатыр.

Қазақстан қор биржасында (KASE) 1 доллардың құны қымбаттап, 398,5 теңгені құрады.

Сәрсенбі күнгі биржада доллар құны 395,10 теңге болған, ал Ұлттық банктің 12 наурызға белгілеген ресми бағамы – 394,06 теңге.

12 наурызда мұнайдың белгілі маркілерінің құны тағы 6 пайызға құлдырады. Brent маркалы мұнай барреліне 33,96 доллармен сатылып жатыр.

Өткен аптаның соңында Венада ОПЕК, Сауд Арабиясы және Ресей мұнай бағасын ұстап тұру үшін өндірісті азайтуға келіссөз жүргізген. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы “баға соғысын” бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді.

Ұлттық банк пен Нұр-Сұлтан теңге құнының төмендеуіне қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.