Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Әйелдік болмысты қайтару, табиғат бойымызға салып берген нәзіктікке қол жеткізу тақырыбы соңғы жылдары өте өзекті. Өткен ғасырдың салған ауыр іздері, салмағы әйел баласының мойнына түскендіктен "нәзікжанды" деп ерекшеленетін жыныс өкілі өзінің нәзіктінін жоғалтуы ‒ қиын жағдай.
Алдымен нәзіктік, әйелдік болмыс түсінігінің қандай адамды, нақты нені меңзейтінін анықтап көрсек;
Әйелдік нәзіктік ең әуелі ол ‒ күй. Әйел адамның түр-әлпеті мен киім киісінен бұрын, оның өзінен, айналасынан сезілетін нәзік, әдемі күй. Соның ішінде әйел адамның өзін, айналасын, әлемді, өмірді қабылдау күйі.
Әу бастан қыз баласы нәзіктікке бейім болып дүниеге келеді. Яғни әр қыз баласының бойында мейірім, қамқорлық, сезімталдық секілді талдырмаш қасиеттер болады. Тек тәрбиелену, қалыптасу барысында отбасы, қоғам, ортасының әсерімен түрлі трансформацияға ұшырап, бойындағы әйелдік болмыс қалың ұйқыға кеткен. Ал кейбір қыз-келіншектер қорғаныс мақсатында ішіндегі сезімдерді бұғып, нәзік тұсын осалдыққа санап, оны жасыруға тырысады.
Қай жағдайда да оны қайтару бойынша біраз жұмыс істеу қажет.
Соның ішінде:
Ішкі үйлесімділікке ұмтылу
Ең басты арпалыс әлеммен, өзгемен емес, өзімізден басталуы тиіс. Өзімізді сақтауға тырысу, ішкі дауысымызды тыңдап, қалауларымызды орындап, армандарымызды сыйлау. Соның ішінде өзімізге қатаң болмау, артық мойнымызға жүк алмау, құрбандыққа бармау, құдаймен байланыста болып, әр күнімізге алғыс айту ішкі үйлесімділікке жеткізеді.
Тәнмен үйлесімде болу
Тәнді тыңдау, тәніңмен бірге үйлесімде тыныс алу, оның ырғағына ілесе алу, қалауларын түсіну де ‒ өнер. Бұл орайда қыз келіншектерге тәннің жұмсақ, ырғақты қозғалысы іске қосылатындай латын, шығыс билерін билеу, йога, медитация жасау, жиі массаж алу әркімге өз денесін толық қабылдап, сезіну, түсінуге әкеледі.
Сезім байлығын арттыру
Сезімталдықты арттыру, терең сезіне алу қасиетін дамыту үшін әйел баласы жиі баяу, әдемі ән тыңдап, табиғаттың ортасында жиі серуендеп, өзінің шығармашылық қабілетін іске асыру жолында жұмыс істегені абзал. Түрлі түсті бояу, әуен, пішін, дәмдерді толыққанды сезіну, идеяларды өрбіту сезімталдықты арттырады.
"Мен жиі айтатын сезім байлығы ғана осы қасиеттерді сыйлайды. Ол үшін әйел адам өзінің сезімдерін, қуаныш, ашу, ыза, тамсану, еліту сияқты түрлі күйлерін бақылап үйренуі тиіс. Өз уақытын пайдаланып, тыныштықпен, әнмен, судың тамшысымен, желдің өпкенімен, бимен үйлесімін байқап, әр күйімен танысып, нені ұнатады, қай күй өзіне ерекше үйлеседі - ажырата бастайды. Көп адамның көзіне көрінбес,қолымен ұстай алмас өте нәзік күйге жеткенде ғана ол өзінің қылығын сыртқы пішінмен ұштай алады. Әдемі киімді, биік өкшені, қызыл помаданы, астындағы көлігін өзінің ішкі күйімен, мазмұнымен толтықтырып, айналасындағы әр нәрсеге мән, қуат, әр беріп тұратын өзі болады."
“Соңына дейін әйел” кітабынан үзінді
Пайым
Өмірдің, тіршіліктің тынысы тек әйелдің күйіне байланысты. Әйел адамның нәзіктігімен ғана әлемде, қоғамда мейірім, ізгілік, сұлулық орын алады. Болашақта ізгі қоғам қалыптастырушы, жасампаз болып өсуі керек әр ұрпақтың өмірін жылулық пен махаббатқа толтыру тек әйелдік болмысын сақтай алған ананың ғана қолынан келеді. "Әлем ‒ әйелмен көркем" дейді. Әлемі соның ішінде әйелдің әдемі күйімен көркем екенін естен шығармайық.
