05 нау, 2020 сағат 13:25

Әйелдер бизнеспен айналысуы үшін мемлекет қандай қолдау тетіктерін ұсынады?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатин әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында мемлекет қандай шараларды қолға алып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет әйелдерді жұмыспен қамтып, олардың бизнеспен айналысуына қолдау көрсету мақсатында бірқатар іс-шараны жүзеге асырып жатыр. Сол шаралардың бірі – «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Былтыр «Еңбек» бағдарламасына қатысқан 660 мыңнан астам адамның 43 пайызы, яғни 260 мыңнан астамы әйелдер екенін атап өту керек. Жалпы «Еңбек» бағдарламасы әсіресе ауыл халқын қолдауға бағытталғанын білесіздер. Бағдарламаның нәтижелі тетіктерінің бірі – азаматтардың кәсіпкерлік дағдысын шыңдау. Осы бағыт арқылы азаматтарға кәсіпкерлік негізі оқытылады. Өткен жылы 73 мың адам осы курстан өткен. Сол секілді жеңілдетілген микронесие 18 мың адамға берілді», - деді Ерболат Абулхатин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Департамент директоры биыл Президент тапсырмасы бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға микронесие беру тәртібі қайта қаралғанын айтып өтті.

«Биыл аталған санаттағы әйелдерге 7 жылға дейін жылдық 4 пайызбен 20 млн теңгеге дейін микронесие беріледі. Осы шағын несие арқылы үйде отырып та жұмыс жүргізерлік жағдай жасалмақ. Сонымен қатар былтыр гранттық қаржыландыру да халықтан зор қолдау тапты. Яғни мемлекет алғашқы бизнесті ашу үшін грант бөледі. Бұл бағытта жарқын үлгілер баршылық. Былтыр гранттар 100 АЕК-тен басталса, биыл тек 200 АЕК-тен (505 мың теңге) берілетін болды. Яғни ауылдағы әйелдерге өз бизнесін жүргізу үшін – бұл өте жақсы сома. Яғни бұл ретте мемлекет отбасыларға қайтарымсыз көмек беріп отыр», - деді ол.

Ерболат Абулхатин көпбалалы және аз қамтылған отбасылар осы грантты кәсіпкерліктің негізін оқымай-ақ алатынын еске салып өтті.

«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Яғни әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін жұмысқа аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды тартқымыз келеді. Оларға бизнеспен айналысып, табысын арттыруға мүмкіндіктер баршылық. Осы бағытта «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясымен серіктесе жұмысты бастап кеттік», - деді ол.