21 мау, 2017 сағат 08:50

Айдос Сарым. Қытай қаупі мен қазақ үрейі турасында

Бүгінгі күні қазақтың мазасын қашырып, үрейін тудырып отырған мәселенің бірі – Қытай. Сонау Ғұн патшалықтары, Түркі қағанаты дәуіріндегі текетірес пен шайқастардан басталып, Сүлеймен Бақырғани кезінде «ақырзаман боларда қара қытай қаптайды» концепциясына айналған осы үрей уақыт өте сейілер емес. Керісінше, ұрпақ қуалайтын, қанға сіңген инстинкттік, бейсаналық дәрежедегі үрейге айналып барады. Қытайдың бүгінгі үкіметі жариялаған геосаяси және геоэкономикалық бастамалары, «Жібек жолын жаңғырту» жоспарлары, елімізге қытайлық бизнестің көптеп келуі, 51 жаңа кәсіпорын ашу жобалары осы үрей мен қауіпті тек күшейтіп, синофобияның (Қытайдан қорқу, Қытайды жек көру) жаңа толқынын тудырып отырғаны хақ.

Алдымен бүгінгі қазақ-қытай қарым-қатынастарының жайына тоқталайық.

Бізге ұнасын-ұнамасын бүгінгі күні Қытай мемлекеті біздің басты сауда және инвестициялық әріптесімізге айналғанын мойындауымыз керек. Қытай басшысы Си Цзинпиннің деректеріне сүйенсек, осы уақытқа дейін Қытай еліміздің экономикасына 42,8 миллиард доллар инвестиция құйып, 50 миллиард доллар несие берген. «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» арқылы 100 миллион тонна мұнай жөнелтілсе, «Қазақстан-Қытай газ құбыры» арқылы 183 миллиард текше метр газ жіберілген. Тек 2016 жылдың ішінде еліміз арқылы Еуропаға транзитпен 1200 жүк пойызы өткен екен. Қытай елімізде өндіріліп жатқан ауылшаруашылық өнімдерін импорттаушы елдердің біріне айналып келеді. 2017 жылдың 1 ақпанындағы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда қытайлық үлесі бар 2783 үлкенді-кішілі компания жұмыс істеп жатыр. Еліміздің мұнай саласының төрттен бірін ірі қытайлық компаниялар иеленіп отыр.

Экономика саласындағы жетістіктермен қатар, Қытайдың «жұмсақ күш саясатының» әлеуетін де айта кеткен жөн. Егер осыдан 30 жыл бұрын Қытай қарапайым қазақ үшін мүлдем түсініксіз, құбыжық, айдаһар, он қайнаса да сорпасы қосылмайтын ұғым болса, бүгін Қытай қазақ үшін ашылып келе жатыр. Мысалы, екі ел арасында аптасына 50 әуе рейсі қатынап тұрады. 2016 жылы шамамен 500 мың қазақстандық Қытайға сапар шеккен. Қытай университеттерінде 14 мың қазақ баласы білім алып жүр (бұл көрсеткіш бойынша Қытай болашақта Ресейді басып озатын түрі бар). Қазақстанда Конфуций институтының бес бөлімшесі мен жеті орталығы ашылып, Қытай мәдениеті мен өркениетін насихаттап жүр. Қытай киносы, мәдениеті, спорты да осы мемлекеттің «жұмсақ күшінің» құралына айналған. Кешегі волейболшы Сабина қызымыздың (Алтынбекова) жетістіктері де, әнші Димаш Құдайбергенов бауырымыздың Қытайдағы жеңісі де, актер Джеки Чанның елге сапары да осы саясаттың құрамдас бөлігі. Және де осы саясатқа Қытай үкіметі қыруар қаржы салып, елін әлемге таныту үшін аянып қалар емес. Не керек, Қытайдан үйренетін, үлгі алатын тұстарымыз жетіп жатыр.

Мұны аз десеңіздер, алдағы уақытта Қытай мен Қазақстан үкіметі елімізде қаржысы 27 миллиард долларды құрайтын 51 біріккен кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Егер осы 51 жобаның барлығы да іске қосылар болса, елімізде шамамен 20 мың жаңа еңбек орны пайда болатын көрінеді. Екі елдің қарым-қатынасы тек сауда-саттық, шикізат пен ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдаудан заманауи технологиялық компаниялар ашу сатысына аяқ баспақшы. Ресми деректерге сүйенсек, осы 51 жобаның үшеуі іске қосылған. Тағы бес жобаның құрылысы жүріп жатса, жетеуі ашылуға дайын тұрған көрінеді. Қарап отырсақ, жақсы жаңалық сияқты. Алайда қазақ қоғамы осы 51 кәсіпорынды «жаңа ақырзаманға» теңеп отыр. Интернетті ашып қалсаң көретінің – «Ойбай, біттік!», «Біткен жеріміз осы!», «Жау шапты!», «Аттан!» деген айғай-шу. Ұялы телефондағы мессенджерлер арқылы сан алуан аудио да, видео да тарап жатыр. Әлеуметтік желілердегі жұртшылық баяғыда-ақ кебінін киіп, елдің жаназасын шығарып қойған секілді. Осының себебі неде? Жауап іздеп көрелікші.

1 ҚЫТАЙДЫҢ ЖАЙЫ МЕН МҮДДЕСІ

Қытай бүгінгі күні әлемдегі нөмірі бірінші экономикаға айналып отыр. Кеше ғана трансұлттық гиганттардың тауарын жасаушы, жинақтаушы, арзан еңбек күші бар әлемдік фабрикадан өзі өндіріс ашатын, заманауи инновациялар мен технологияларды ойлап шығаратын державаға айналып келеді. Егер осыған дейін Қытай экономикасы батыс елдері шығарған технологияларды тұтынып қана келсе, бүгін ғылым, білім, инновация саласында батыспен иық тірестіріп, тіпті батысты ығыстырып келеді. Қытайдың жаңа сападағы, жаңа сатыдағы экономикасы айналасындағы барлық елдермен қоян-қолтық қатынас орнатуды, шикізаттың, табиғи ресурстардың үздіксіз келіп тұруын қажет етеді. Осы себепті де Қытай үкіметі мен компаниялары әлемнің барша құрлықтарына еніп, шикізат өндіру, оларды еліне тасымалдау ісін өз басымдығы ретінде қарастырып отыр. Қазақстан – осы бір ғаламат үдерістің бір бөлігі ғана. Қытайдың позициясы мен мүддесі түсінікті. Қытайдың Қытай болғаны үшін біздің ренжитін, өкпелейтін жайымыз жоқ. Әрбір ел, мемлекет ең алдымен өз ұлтының, халқының жағдайын ойлайды. Қытай да солай.

2 ҚЫТАЙ ҚАУПІ, СИНОФОБИЯ

Қытай – сөзсіз, алпауыт мемлекет, супердержава. Бүгінгі Қытай әлемді күшпен емес, қаржымен жеңбек. Оның мүмкіндігі мен амбицияларынан қорқып отырған біз ғана емес. Қытайдың қанша көршісі бар, соның барлығы да Қытайдан қорқады. Тіпті бүгінгі күні әлемді тіреп тұрған АҚШ-тың өзінде де «Қытай әлемді жаулап алады, бізді жойып тынады» деушілердің қатары аз емес. Кешегі империяның елесі кезіп жүрген көршілес Ресейдің өзінде де «түптің түбінде Қытай барша Сібір мен Қиыр Шығыстағы жерлердің барлығын өзіне қайтарып алады» деген болжамдар қитұрқы қыжыртпадан қарапайым қағидатқа айналып кетті. Жапония, Оңтүстік Корея, Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Үндістан сияқты елдерде де қытайға қырғиқабақ көзқарас басым. Алайда Қытай – қауіп пен үрейдің ғана отаны емес, ол шын мәнінде орасан мүмкіндіктер мен таусылмас инвестицияның да отаны. Сондықтан да онымен көршілес елдердің барлығы да Қытаймен сауда жасауға, кәсіпорын ашуға, реті келсе Қытайға өз тауарын өткізуге мүдделі. Әрбір қытайлық сіздің тауарыңызды сатып алуға бір доллар жұмсаса, сіз бір күннің ішінде миллиардер болып, ертеңгі күні «Форбс» журналының шіріген байлар тізіміне енетініңіз анық. Дейтұрғанмен тарихтағы текетірестер, соғыстар, баршаға түсініксіз өркениеттің тірлігі Қытайға үмітпен емес, күдікпен қарауға мәжбүрлейді. Тарих сүрлеуі Қытайдың барша көршісін, барша айналасын Қытайдың әрбір қадамынан қауіп, әрбір сөзінен сес іздеуге итермелейді. Қытайлықтар мен Қытай үкіметі қанша жерден адалмыз, тазамыз, пәкпіз десе де, оларға сенетін көрші жоқ екені анық. Осы сенімсіздік Қытай экономикасын, Қытайдың экономикалық экспансиясын табиғи түрде тежеп келеді. Кейбір кезде Қытайдың қарсыластары мен бәсекелестері осы үрейді Қытайға қарсы тиімді пайдаланып отырады. Қытайды біздің аймақтағы бәсекелесі, бақталасы санаған Ресей әрбір мүмкіндікті пайдаланып, араға от тастағанды саясатының өзегі мен идеологиясының құралы қылып алғалы қашан! «Егер біз болмасақ, сендерді Қытай жұтады» деп қорқыту құлаққа үйреншікті дүние емес пе? Ондай ойынның шет жағасын өткен жылғы елімізде орын алған жер митингілері кезінде бәріміз де байқап қалдық. Тарихтың, тарихи сананың экономика мен саясатқа тигізер теріс әсері мен ықпалын жақсы түсінетін әлемде бір ел болса, ол – Қытай.

3 РЕСЕЙДІҢ МҮДДЕСІ

Осы тұста Ресейді де атап өтпеске болмайды. «Қазақстан уысымыздан шығып барады, қайтсек те ықпалымыздан шығармай ұстап отыруымыз қажет» деп санайтын Ресей саясатын қосыңыз. Жалпы алғанда, өткен жылдан бері Қытай қаупі туралы таралған, талқыланған ащы-ащы материалдардың басым көпшілігі Ресейде туып, Ресейден экспортталғанын мамандар ашық айтып отыр. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, онсыз да шатасып, оң-солын ажырата алмаған халыққа керегі де сол. Қалғанын өздері дәстүрлі «аттан» мен үйреншікті «ойбайы» арқылы іліп ала кетеді. Мысалы, ресейліктер не олардың осындағы өкілдері дәл қазірдің өзінде миллиондаған гектар жерді иемденіп отыр. Соған алаңдаған қанша мақала жазылды баспасөзде? Қазақстандағы 10 мыңға жуық компания мен фирмада ресейліктердің үлесі бар. «Ресей жаулап жатыр, ақырзаман орнады» деген қазақтың саны некен-саяқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейдің экспансиясы Қытайдың экспансиясынан әлдеқайда қарқынды, күштірек. Оған баршамыз жабылып күні-түні орыс арнасын көретінімізді қосайықшы. Қытайды аудармашысыз түсінбесек, орысты өз тілімізден жоғары қойып жатамыз. Қытай соңғы 40 жылда бірде-бір көрші елмен соғысып көрмеген, ал Ресей болса соңғы 10 жылдың ішінде Грузия мен Украинамен ашық соғысып, қалған көршілеріне қоқан-лоқы көрсетіп жатыр. Сонда дәл бүгінгі күні қауіп кімнен? Қытайды бетперде етіп, жұрт назарын Қытайға әдейі бұрып отыр емес пе Ресей? Осыны да ұмытпалық. 

4 ҚАЗАҚТЫ НЕ АЛАҢДАТАДЫ?

Елімізде, жоғарыда айтылғандай-ақ, 3000-ға жуық қытай кәсіпорны жұмыс істеп жатыр. Қытайлықтардың үлесі бар зауыт-фабрикалар, банктер өнімін шығарып, қызметін көрсетуде. Елімізге келіп, жұмыс істейтін шетелдік жұмыс күшінің 35-40 пайызы қытайлықтар екенін де жақсы білеміз. Нобайы 50-60 мың адамның айналасы. Сауда-саттықтың айналасында, мұнай кеніштері мен зауыттарындағы қытайлық мамандар мен жұмысшыларға етіміз бірте-бірте үйренген сияқты. Егер осы 3000 кәсіпорынға алаңдамаған қазақ 51 жаңа кәсіпорын үшін неге дүрлігеді? Жауабы анық – ол жер мәселесі мен қытайлық несиені қайтару мәселесі. Мәселенің барлығы, көріп отырғанымыздай, сырттағы фактор емес, іштегі келеңсіздікке барып тіреледі. Соны түсіндіре кетелік.

Біздің үкіметтің, биліктің ең осал тұсы – авторитаризм. Яғни асқан өзімшілдік, халықпен санаспау, халықтың сөзі мен мұңын құлағына қыстырмау, халық алдында есеп беруді қиянат санау. Осы себепті де біздің министрлер мен әкімқаралар білгенін істеп үйреніп қалған. Экономиканың жыртығын жамаймыз деп бір Қытайдың өзінен 50 миллиард доллар несие, қарапайым тілмен айтсақ, қарыз алған. Ерте ме, кеш пе, оны өтейтін кез келеді. Ал сол қарыздың астарында не тұр? Үкімет қытайлықтардың алдында өзіне қандай міндеттеме алды? Одан, шынын айтайық, бейхабармыз. Осындай жағдайда биліктің «жаңа 51 қытайлық кәсіпорын ашамыз, оларды Қытайдан ішке көшіреміз» деуі дау тудырмағанда не тудырады?
Жалпы алғанда, қазақтың қорқатыны ашылып жатқан шетелдік зауыттар мен фабрикалар емес. Олардың талайын көріп отырмыз, ет үйренді. Бүгінгі зауыт-фабрикалар қара күшке емес, технологияларға негізделген. Сондықтан да ашылып жатқан өндіріс көздеріне қажетті жұмысшылар саны әрі кетсе мың адамнан аспайды. Заң бойынша, келісімдерге сай, олардың бәрі шетелдік бола алмайды. Қорқып отырғанымыз – сол 51-дің ішіндегі ауыл шаруашылығына қатысты кәсіпорындар. Қытай – қарқынды дамып отырған мемлекет. Қарқынды дамыған елге нан, ет, азық ауадай қажет. Ішкі Қытайдың ауыл шаруашылығының әлеуеті шектеулі, экологиясы бұзылып, шаруаға жарар жерлері аз. Олай болатын болса, азық-түлікті көршілерінен алмақ. Сол көршісінің бірі – Қазақстан, яғни бізбіз. Мысалы, бүгінгі күні Орталық Азияда 38 миллион гектар егістік жер болса, оның 74 пайызы, яғни 28 миллионы Қазақстанға тиесілі. Қытайдың басты қызығушылығы – осы жер өндіре алатын ауылшаруашылық өнімі. Біздің де қорқып отырғанымыз осы – жер, осы жердің тағдыры. Қарапайым қазақтың қорқынышы осы жерге алдымен мыңдаған, артынан миллиондаған қытайлық келіп, артынан оны заңдастырып, жекеменшікке алып кете ме деген үрей емес пе? Тығырық па? Тығырық!

ОСЫ БІР ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ ҚАЖЕТ?

Өткен жылы бес жылға меморандум арқылы ысырылған жер, оның ішінде ауылшаруашылық жерлері мәселесі түбегейлі шешілуі тиіс. Жерге кім иелік ете алады, оның жалға беру мен иемденудің тәртібі қалай деген өзекті сұрақтарға нақты жауап берілуі тиіс. Абзалы – «жер мен оның қойнауы – мемлекеттікі», «жекеменшік жерге тек үй мен қора ғана берілуі керек», «ауылшаруашылық жерлері тек Қазақстан азаматтарына ұзақмерзімді жалға берілуі мүмкін», «жалға берілген жерлер заң бойынша мемлекет иелігіне қайтарылып алынуы мүмкін», «құрылып отырған агрокәсіпорындардағы шетелдіктердің үлесі 51 пайызды құрауы қажет» деген заңи формулаларға келуіміз керек. Бұл заңдық режим кемі 25-30 жыл бойына өзгермеуі шарт. Болашақ ұрпақ бізден ақылдырақ болса, өздері басқаша шешіп алар.

Атышулы қытайлық 51 кәсіпорын туралы толық ақпарат баспасөзде жариялануы керек. Ақыры ашылатын кәсіпорын болса, келісімшарт жасалса, оны ашады, жұрт бәрібір көреді, біледі. Одан мемқұпия жасаудың реті жоқ. Әрбір кәсіпорынның паспорты интернетте ілініп тұруы шарт. Сол кәсіпорындардың бағыты, орналасатын аймағы, барша қаржылық, техникалық дерегі, билік мойнына алған кепілдемелер, міндеттемелер туралы толық ақпарат ашық айтылуы тиіс. Әрбір кәсіпорында қанша жұмысшы болады, оның қанша пайызы жергілікті халық болуы керегі де ертең емес, бүгін айтылуы тиіс дүние. Зауыттар, фабрикалар, агрокешендер салынатын әрбір аймақта қоғамдық тыңдаулар өтіп, жергілікті халықтың пікірі ескерілуі міндет. Еліміздің барлық заңдары, стандарттары, оның ішінде салықтық, технологиялық, экологиялық талаптары сөзсіз іске асуы керек. Егер осының барлығы іске асса, қоғамның алаңдаушылығы сейіледі, халық наразылығы төмендейді. Үрейді тек ашықтық, шыншылдық, жариялылық арқылы жеңуге болады.

Қарыз мәселесі де солай. Еліміз бүгін миллиардтап алып жатқан несие-қарыздарды қайтаратын үкімет емес. Қалтасынан бұл қарызды төлеймін деген министрді көрген емеспін. Төлейтін біз боламыз. Салығын төлеп, кәсібін жасап жүрген қазақ халқы төлейді. Олай болатын болса, ол несиелер қандай пайызбен, қандай есеппен алынғанын, қалай жаратылатынын білуге құқылымыз. Барша келісімдер мен шарттар жария болғаны шарт. Үкімет әрбір алынған доллар мен цент үшін қоғам алдында, парламент алдында жария түрде есеп беруі міндет.

Тағы бір мәселе – жалпы азаматтық беруге қатысты. Біздің заңнама заман талабына сай өзгеруі тиіс. Қазақстан азаматтығын алушы елге ант беруі керек. Азаматтықты алу үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру, содан емтихан тапсыру міндет болуы қажет. Бұл шартты жерді иемдену мәселесіне де таратуға болады. Кейбір елдерде жерді жалға, меншікке алу үшін сол елдің мемлекеттік тілін білу міндет ретінде қарастырылған. Осыны біз де қолға алсақ ұтылмаймыз.

Қысқасы, жерсіз мемлекет жоқ. Жерді сақтасақ, жер бізді де сақтайды. Жер – біздің ғана меншігіміз не нәпақамыз емес, бізден бұрын осы жер үшін қаны мен терін төгіп, күресіп өткен миллиондар мен бізден кейін келер, сайын даламызға иелік етер миллиондардың да игілігі. Біз сол миллиондар арасындағы дәнекер ғана ұрпақпыз. Осыны жадымыздан шығармалық! 

Айдос САРЫМ,

"Жас Алаш" газеті