17 қаң, 2023 сағат 17:11

Айдос Ербосынұлының комадан кейінгі жағдайы белгілі болды

Фото ашық дереккөзден алынды

WorldBoxingNews.net ресурсы қазақстандық Айдос Ербосынұлының жекпе-жектен кейінгі жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Tengri Sport сайтына сілтеме жасап. 

31 жастағы қазақстандық былтыр кубалық Давид Моррелмен жекпе-жекке шыққан болатын. 

"Ербосынұлы жекпе-жектен кейін 12 күндей медикаментоздық комада жатты: дәрігерлер оның миына қан кетіп қалмауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасады", - деп жазды басылым. 

Айдос Ербосынұлына операция жасалған. Абырой болғанда, ол үш күннен кейін 17 қарашада оянған. Қазақстандық боксшы өз-өзіне келіп, артынша аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Бірнеше аптадан кейін Айдос үйіне оралған. 

"Соңғы жекпе-жегімде елімнің үмітін ақтай алмадым. Алғаш рет кәсіби рингте жеңілістің ащы дәмін сездім. Бірақ өмір болғаннан кейін жеңіс те, жеңіліс те қатар жүретіні сөзсіз", - деген екен боксшы басылымға.