Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Айбоз» ұлттық тұңғыш әдеби сыйлығына байқау жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма», «Үздік көркем аударма», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» және «Кітаптың үздік дизайны» номинациялары бойынша жеңімпаз атанғандар 5 миллион теңгеден ақшалай сыйлық алады. Конкурс нәтижесінен соң олардың еңбектері 500 данамен жарық көреді.
Бүгін ұлттық әдеби сыйлықтың тұсаукесері зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың қатысуымен өтті. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев бұл жобаның міндеті – әдебиетшілерді қолдау ғана емес, сонымен қатар жазушылық өнердің айрықша әлеуметтік маңыздылығын қоғамға көрсету екенін атап өтті.
«Басты мақсатымыз – төл әдебиетімізді тың дүниелермен толықтырып, оны жаңаша биікке көтеру, сондай-ақ, ұлтымыздың әдеби мұрасын молайтып, отандық әдебиетке жаңа серпін беру. Бұл сыйлықтың тағы бір ерекшелігі – үздік деп танылған шығармалар басып шығарылып, кітапханаларға таратылады. Қатысушылардың жасына, еңбек жанрына, жазу тіліне шектеу жоқ. Ең бастысы – шығарма мазмұнды, өзекті болуға тиіс. Қысқа болғанымен елдің есінде қалып, жұртшылықтың аузынан түспейтіндей туынды жазса, бәйге соған бұйырады. Бұл-отандық кітап шығару ісі мен әдебиетті қолдау бағытында жүзеге асырып жатқан іс-шаралардың бірі ғана. Ел Президенті белгілеп бергендей, біздің түпкі мақсатымыз – оқитын ұлт қалыптастыру. Ол үшін біз «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын қоса алғанда, жас авторларды қолдаудың жаңашыл тетіктерін құрып, мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтып жатырмыз. Гранттар мен сыйлықтар жариялап, кітап жәрмеңкелерін өткізіп келеміз. Болашақта проза, поэзия және драматургиядағы ең мықты жас таланттарды қолдау және табиғи қабілетін шыңдауға арналған «әдеби зертхана» ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, байқауға отандық жазушылар қатыса алады. Өтінімдерді мына электронды мекенжайға 2022 жылғы 15 маусымнан 1 қазанға дейін жіберу қажет: aiboz@kitap-palatasy.kz
Әдеби сыйлық жыл соңында беріледі (толығырақ www.kitap-palatasy.kz сайтында жазылған).