30 жел, 2016 сағат 11:26

Аяз атадан БҚО әкімімен кездесуді сұраған оқушының арманы орындалды

- Аяз атаға хат жазған, ертең тура тоғызға толатын Шыңғыстың арманы орындалды. 

Жаңа жыл қарсаңында арманын хатқа түсірген Шыңғыс Сәпиев Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің кабинетінде болды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы Шыңғыстың нумизмат екенін ескеріп, əріптестерінің атынан бірнеше мемлекеттің ұлттық валютасының банкноттарын, Қазақстан Республикасы тəуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған ескерткіш монетаны жəне жаңажылдық сыйлықтарды тарту етті. Шыңғыс сондай-ақ, облыс əкімдігінің жиналыс залдарымен танысты.

Орал қаласындағы №19 орта мектептің 3 «д» сыныбында оқитын Шыңғыс Сәпиев Аяз атаға: «Ең қызығы, менің туған күнім - 31 желтоқсан. Биыл мен 9-ға толамын. Жүре алмасам да, күнде қоларбамен мектепке барып оқимын. Сабағымның барлығы - 5. Бос уақытымда ментальды арифметика, қолөнермен айналысамын және менің хоббиім бар. Ол нумизматика, яғни көне және темір ақшаларды жинаймын. Аяз ата, армандардың орындалатынына сенемін. Болашақта өзімнің жүріп кететініме де сенемін. Сондықтан сізден сұрайтын бір өтінішім бар. Ол - облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновке барып, кездесіп, қалай жұмыс істейтінін және әдемі әкімдіктің ішін көргім келеді», - деп жазған болатын.

Шыңғыстың сынып жетекшісі Раушан Шайхуалиеваның айтуынша, ол сабағын кілең «беске» оқып қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, мектепішілік шараларға, түрлі үйірмелерге белсене қатысады. Тәртібі өте жақсы, ментальды арифметикаға үйір, шахмат ойнап, бисер тоқиды. Қаламға қолы кеш икемделгенімен, хатынан көрініп тұрғанындай, сауатты да әдемі жаза біледі. Бір сөзбен айтқанда, өмірге құлшынысы керемет. Анасы Мария Шағырованың өзі де мұғалім болғанымен, қазір сол Шыңғыстың күтімімен отыр. Мария ері Еркін Елеуішовпен бірге ұлдарының толық емделіп, аяғынан тік тұрып кетуі үшін бар күштерін салып-ақ келеді.  

«Жаңа жыл алдында баламды қабылдап, қуантқан облыс басшысына шынайы ризашылығымды білдіремін. Бәрі жақсы болды. Өзім бұрынғы ішкі істер органының қызметкері ретінде қазір зейнеттемін. Қызым Әсел М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің дизайн мамандығына екінші курста оқып жатыр. Біздің бар ойлайтынымыз - осы баламыздың болашағы. Денсаулығы түзеліп, қатарға қосылып кетсе дейміз», - деді Еркін Елеуішов.